
Оның қарсыласы - Ислам Ячи (Алжир).
Бүгін Англияның Ливерпуль қаласында бокстан әлем чемпионаты үшінші жарыс күні өтеді. 6 қыркүйекте Қазақстан құрамасынан төрт боксшы шаршы алаңға шығады.
Атап айтсақ, әлем чемпионатының дебютанты Төрехан Сабырхан (70 келі) алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы - Ислам Ячи (Алжир).
Төрехан - жастар арасында әлем чемпионы (2024), жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы болған.
Сондай-ақ кешкі сессияда әйелдер арасындағы 60 келідегі Виктория Графеева косоволық Донета Садикудың шамасын байқап көреді. Ал Надежда Рябец (75 келі) Лина Уангпен (Қытай) келесі кезең жолдамасын сарапқа салады.
Төрехан секілді әлем чемпионатына алғаш қатысып тұрған Бибарыс Жексен (60 келі) де алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Қарсыласы – Джунмилардо Огаири (Филиппин).
Айта кетейік, тарихта тұңғыш рет World Boxing ұйымының аясында әлем чемпионаты 4–14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өтеді. Жарысқа 68 елден 554 спортшы (329 ер, 225 әйел) қатысуда. Қазақстан намысын Англияда 20 боксшы қорғайды. Ерлер құрамасында да, әйелдер құрамасында да 10 спортшыдан бар.