
Қазақстан боксы тарихындағы ең жас жүлдегерлердің бірі атанды.
Қазақстандық жас боксшы Төрехан Сабырхан Ливерпульде өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Ол ширек финалда тәжірибелі қарсыласын — Франция өкілі, Еуропа ойындарының қола жүлдегері және Париж Олимпиадасының қатысушысы Макан Траорені айқын басымдықпен жеңді.
1-раунд: Төрехан қарсыласын қашықтықта ұстап, дер кезінде жақындап отырды. Дегенмен комбинацияларға емес, жекелеген соққыларға көбірек иек артты. Нәтижесінде төрешілердің үшеуі ғана оған басымдық берді.
2-раунд: Қазақстандық боксшы қарқынын үдетті. Француз боксшысы жас спортшыдан ыққандай көрінді. Осы кезеңнен кейін үш төрешінің есебі 20:18 болды.
3-раунд: Сабырхан тактиканы өзгертіп, екінші нөмір болып жұдырықтасты. Соған қарамастан артықшылығын сақтап қалды.
Қорытындысында, төрешілердің шешімімен жеңімпаз деп танылған Төрехан Сабырхан жартылай финалға шықты.
Бұл жеңіс арқылы небәрі 19 жастағы Төрехан Сабырхан кемінде қола медальді қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстан боксы тарихындағы ең жас жүлдегерлердің бірі атанды. Ол ағасы Махмұд Сабырханның жеңісті жолын жалғап, жанкүйерлерін қуантты.
Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан дүбірлі дода 14 қыркүйекке дейін жалғасады. Жекпе-жектерді қазақстандық көрермендер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тамашалай алады.