
Финалда жапон боксшысы Севон Окадзавамен жұдырықтасты.
Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан World Boxing әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан 19 жасында жеңімпаз атанды.
Финалда 19 жастағы Сабырхан жапон боксшысы Севон Окадзавамен жұдырықтасты.
Алғашқы раундта төрешілер 4:1 есебімен жапон спортшысына басымдық берді.
Екінші раундта Төрехан қарсыласын қыспаққа алып, 3:2 есебімен кезеңді өз пайдасына шешті.
Үшінші раундта белсенділік танытып, дәл соққыларын дарытқан Сабырхан жеңісті жұлып әкетті.
Нәтижесінде төрешілердің бөлек шешімімен Төрехан Сабырхан әлем чемпионы атанды.
Жас боксшы финалға дейін:
1/16 финалда алжирлік Юсеф Ислам Яишті,
1/8 финалда нидерландтық Финн Роберт Босты,
ширек финалда француз Макан Траорені,
жартылай финалда ағылшын Одель Камараны жеңген еді.
Төрехан Сабырхан – жастар мен жасөспірімдер арасында төрт дүркін Азия чемпионы. Бұл — құрлық боксы тарихындағы бірегей нәтиже. Сонымен қатар ол 2025 жылдың сәуірінде кәсіпқой рингте дебют жасап, жеңісті жолын бастаған болатын.
Бұл — Қазақстан құрамасының бесінші алтыны. Бұған дейін:
Санжар Тәшкенбай (50 келі),
Махмұд Сабырхан (55 келі),
Алуа Балқыбекова (51 келі),
Аида Әбікеева (65 келі)
әлем чемпионы атанған болатын.
Ал Назым Қызайбай (48 келі) финалда есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.