ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Эфирде Ермаш, Олжас және Ганс!

Әлімханұлы Адамеспен титул үшін жекпе-жек өткізеді. Жаңа мәліметтер пайда болды

23.09.2025, 15:12

Брайан Вилориямен бірге Калифорния штатындағы Бриххауста толық жаттығу лагерін бастадық

Әлімханұлы Адамеспен титул үшін жекпе-жек өткізеді. Жаңа мәліметтер пайда болды
әлеуметтік желі

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының командасы алдағы жекпе-жекке қатысты тың ақпаратпен бөлісті.

Жақында испан тіліндегі инсайдер Фернандо Сабатини қазақстандық боксшы мен WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамес арасындағы келіссөздер аяқталуға жақын екенін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, кездесу 22 қараша күні Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтуі мүмкін еді. Алайда кейін келісім уақытша тоқтатылғанын жазды.

Әлімханұлының менеджері түсініктеме берді

Жәнібектің менеджері Берік Сұлтан Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында келіссөздер әлі жалғасып жатқанын және дайындықтың толыққанды басталғанын растады.

Бүгінде біз Брайан Вилориямен бірге Калифорния штатындағы Бриххауста толық жаттығу лагерін бастадық. Алдағы уақытта ресми қарсылас пен жекпе-жек күні жарияланады. Қазір келіссөздердің 85–90 пайызы аяқталды, ауызша келісім бар, енді ресми расталуын күтіп отырмыз. Бұл жанкүйерлер асыға күткен үлкен жекпе-жек болады, – деді ол.

Дегенмен менеджер шарт бойынша қарсыластың аты-жөнін атамады.

Әлімханұлы – Адамес жекпе-жегінің маңызы

Жәнібек Әлімханұлы қазір екі белбеудің иегері: WBO және IBF. Ал Карлос Адамес WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Егер екі боксшы арасындағы кездесу жүзеге асса, жеңімпаз бірден үш тұжырым бойынша әлем чемпионы атанады.

Бұл – Жәнібек Әлімханұлының басты мақсатына, яғни абсолютті чемпион атағына тағы бір қадам. Орта салмақтағы соңғы белбеу – WBA титулы. Қазіргі таңда ол кубалық Эрисланди Лараға тиесілі.

Әлімханұлының мәлімдемесі

Бұған дейін Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында:

Сіздер шынымен бұл қорқақ менімен жұдырықтасуға келісім берді деп ойлайсыздар ма? Оның қандай адам екенін бәріңіз білесіздер! Жақын арада жаңалық болады, – деп жазды.

Айта кетейік, Карлос Адамес биылғы жылы британдық Хамза Ширазға қарсы белбеуін қорғаған болатын. Жекпе-жек тең нәтижемен аяқталып, доминикандық чемпиондық атағын сақтап қалған еді.

 

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×