
Спорт сарапшысы Әлімханұлы мен Кроуфорд арасындағы жекпе-жек туралы айтты
Boxingnews24.com сайтының журналисі Крис Уильямс орта салмақтағы чемпиондық белбеулерді біріктіру және Жәнібек Әлімханұлы мен Теренс Кроуфорд арасындағы жекпе-жектің мерзімін болжады.
Бұған дейін Кроуфорд командасы орта салмаққа көшу тек «абсолют» титулы үшін жекпе-жек өтсе ғана қызықтыратынын мәлімдеген еді. Алайда, Уильямстың пікірінше, белбеулерді біріктіру процесі ұзаққа созылуы мүмкін.
«Егер Кроуфорд орта салмақтағы үш чемпиондық белбеудің біріктірілуін күтуді шешсе, онда ол рингтен бір жылдан астам уақытқа тыс қалуы ықтимал. Өйткені бұл процесс біраз уақыт алады», — дейді журналист.
Қазіргі таңда орта салмақта WBA тұжырымы бойынша чемпион Эрисланди Лара мен IBF және WBO титулдарының иегері Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі желтоқсан айында өтуі мүмкін екені айтылуда. Дегенмен, бұл кездесу әзірге ресми түрде расталмаған.
«Егер бұл айқас жүзеге асса, жеңімпаз келесі кезеңде WBC чемпионы Карлос Адамеспен кездесу өткізуге тиіс. Мұндай жекпе-жектің ең ерте мерзімі — 2026 жылдың сәуір айы,» — деп жазады Уильямс.
Демек, Теренс Кроуфорд орта салмаққа ауысуды күтіп жүрген жағдайда бір жылға жуық уақыт рингке шықпай қалуы мүмкін. Ал егер белбеулерді біріктіру процесі созылып кетсе, үзіліс 2027 жылға дейін жалғасуы ғажап емес.
«Сол уақытқа дейін Кроуфордтың жасы 40-қа жақындайды. Бұл оның мансабындағы шешуші кезеңге айналуы мүмкін», — деп қорытындылады журналист.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы бүгінде орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Егер ол Эрисланди Лараны жеңсе, үш белбеудің иегері атанып, “абсолют” атағына бір қадам жақындайды.