ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Эфирде Ермаш, Олжас және Ганс!

Хорватия құрамасынан шақырту алдым – Тұрсынғали Еділов

Бүгін, 14:53

Бапкер Сидней Олимпиадасының өткеніне 25 жыл толуына орай сұхбат берді

Хорватия құрамасынан шақырту алдым – Тұрсынғали Еділов
әлеуметтік желі

Сидней Олимпиадасының өткеніне 25 жыл толуына орай Қазақстан ерлер құрамасының сол кездегі бас бапкері Тұрсынғали Еділов журналист Қанат Байұзақовқа сұхбат берді.

- Сидней Олимпидасындағы жетістігіңіз (2 алтын, 2 күміс) әлі күнге дейін жаңармай келе жатыр. Әйтсе де сіз 7 ғана боксшының баратынына сәл қынжылған шығарсыз?

- Өздеріңіз білетіндей, 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасында ерлерден жеті және әйелдерден жеті салмақта жүлде үлестіріледі. Ал 2000 жылы Сидней Олимпиадасында бокстан ерлерде ғана 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Өкінішке қарай, біз тек 7 салмақта ғана лицензия иелендік. Иә, басында өзімізге аз болып көрінді. Бірақ 7 өте сапалы боксшының барғаны да өте жақсы болды. Өйткені толық құрамда барғанда жеңіліс бұдан да көбірек болатын еді. Ал жеңіліс команданың атмосферасына әсер етпей қоймайды. Сидней Олимпиадасында 4 боксшымыз финалға өтті. Қалған 3 боксшымыз ширек финалда сүрінді. Керемет көрсеткіш деп білемін.

- Осы боксшы Олимпиадаға бара алмай қалды-ау, жүлдеге лайықты еді дейтін спортшы болып па еді? Мысалы, 1999 жылғы әлем чемпионатына қатысқан 7 боксшы Олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмапты (Серік Жейлолов (54 келі), БақтиярТілегенов (57 келі), Руслан Мусинов (60 келі), Батырхан Жақсыбаев (63,5 келі), Нұржан Сманов (67 келі), Вячеслав Бурба (75 келі), Серік Өмірбеков (91 келі)).

- Сидней Олимпиадасына баруға лайық боксшылардың қатарына Руслан Мусинов (60 келі) пен Нұржан Смановты (67 келі) қосар едім. Бірақ Руслан Мусинов режим ұстамай, қателік жасап қойды. Ал Нұржан Сманов 1999 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздігінен кейін, бокс қолғабын шегеге ілуді жөн көрді.

- 2000 жылдар мен қазіргі сәт мүлдем бөлек. Сол сәтте қарсыластарыңызды қалай зерттедіңіздер? 

- Атланта Олимпиадасындағы сәтсіздіктерімізді зерттеп, қандай қателіктермен жұмыс істеу керектігімізді бағамдадық. Нәтижесінде біз ең көп 4 жекпе-жекте Кубадан жеңілген екенбіз. Оны мен Атланта Олимпиадасына Ермахан Ибраимовтың жеке бапкері ретінде барғанда аңғардым. Осы орайда біз Куба құрамасын Алматыға шақырдық. Оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Өзара айқастар арқылы оларды жақсы білуге тырыстық. Осының арқасында Сидней Олимпиадасында Кубадан барлық 3 теке-тіресте басым түстік.

- Сіз бір сұхбатыңызда Сидней Олимпиадасындағы мақсатымыз - Атланта Олимпиадасындағы көрсеткіштен асып түсу деген едіңіз. Бірақ сіз 4 бірдей отандасымыздың финалға шығатынын күтпеген боларсыз? Сол сәтте Қазақстан құрамасының жоғары жетістікті тіркеуіне басты не нәрсе әсер етті депойлайсыз?

- Кездейсоқ деп айта алмаймын. Өйткені басты қарсыластарымызды айқындап, олардың баратын шетелдік жарыстарына барып отырдық. Құрамаға дер кезінде жас спортшыларымызды қосып, барлығын жіті қадағаладық. Мысалы, Бекзат Саттарханов, Нұржан Кәрімжанов, Олжас Оразалиевтың жастары небәрі 20-да болған еді.

- Қазіргі сәтте өзіңіз құраманы баптаған шәкірттеріңізден кіммен араласып тұрасыз?

- Сидней Олимпиадасына барған барлық дерлік боксшыларыммен араласып тұрамын. Ермахан Ибраимов, Мұхтархан Ділдәбеков, Болат Жұмаділов әлі бокстан алыстай қоймады. Бекзат Саттарханов және өзге де боксшылардың аттарындағы турнирлерден шет қалмауға тырысамын.

- Қазақ боксының тарихында шетелдік елдерді жаттықтырған отандық бапкерлер біршама. Сіз ұлттық құраманың тізгінін босатқан сәтте шетелдіктер тарапынан ұсыныс болды ма?

- 2005 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде жарты жылдай қызмет істеп көргенмін. Бірақ сапалы боксшылар болмады. Жақсы жалақы ұсынса да, уақытымды зая кетіргім келмеді. Одан кейін Қытай, Еуропа елдерінен ұсыныстар түскен. Қазірдің өзінде Хорватиядан шақырту алдым. Барлығын уақыт көрсетер.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам