
Канелоның атақты бапкері Эдди Рейносо жас қазақстандыққа ерекше назар аударған
«1001 түн» бағдарламасына қонақ болған қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет АҚШ-та әйгілі Сауль Канело Альвареспен алғаш танысқан сәтін еске алды.
Боксшының айтуынша, бұл кездесу кездейсоқ басталғанымен, оның мансабындағы ең әсерлі сәттердің бірі болған.
«АҚШ-қа барған кезде Канелоның жаттығу залына кіріп, онымен суретке түсейік деп ойладық. Бірақ бізді танымай, кіргізбеді. Содан соң ағасына хабарластық. Ол Канелоның командасына қоңырау шалып: «Бұлар бөтен адамдар емес, жақсы жігіттер. Қазақстанда бізді жақсы қарсы алған, қорқатын, күмәнді адамдар емес», – деп рұқсат бергізді», – дейді Бек Нұрмағанбет.
Залға кірген соң қазақстандық боксшы жаттығуға кірісіп кеткен. Сол сәттен бастап әйгілі Канело мен оның командасының назарына іліккен.
«Жаттығу кезінде біздің мінезіміз бен салтымыз ұнаған болуы керек, кейін Канелоның өзі хабарласып, «тағы келіңдер» деді. Бірде оның промоутері Канеломен жұдырықтасып, күш сынасып көруді ұсынды. Екеуіміздің салмағымыз да шамалас. Бұл мен үшін үлкен мотивация болды», – деп еске алады ол.
Сол спаррингтен кейін Канелоның атақты бапкері Эдди Рейносо жас қазақстандыққа ерекше назар аударған.
«Өзімді көрсеткен соң Эдди Рейносо маған қызығушылық танытты. «Спаррингтеріңді тағы көргім келеді» деп шақырды. Басқа қарсыластармен де сынап көрді. Кейін келісімшарт аяқталған соң елге қайттым», – дейді Бек.
Алайда бұл байланыс мұнымен үзілмеген.
«Бір күні Эдди Рейносо маған испан тілінде жазды. Мен аудармашының көмегімен жауап бердім. Ол: «Егер дайын болсаң, қайта кел», – деді. Сол кезде мен такси жүргізушісі болып жүрген едім. Бұл хабар мен үшін жаңа үміт пен жаңа мүмкіндіктің белгісіндей болды», – дейді боксшы.