ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Эфирде Ермаш, Олжас және Ганс!

«Жәнібек пен Кроуфорд!»: Qazaq style әлемдік жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеді

10.10.2025, 17:41

Кроуфорд соңғы кездесуінде Сауль «Канело» Альваресті сенімді түрде жеңді

«Жәнібек пен Кроуфорд!»: Qazaq style әлемдік жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеді
әлеуметтік желі

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы америкалық жұлдыз, көп салмақты чемпион Теренс Кроуфордпен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туралы өз пікірін білдірді.

32 жастағы қазақстандық боксшы бұл кездесудің нақты жоспарға айналып келе жатқанын айтып, жанкүйерлерге үлкен айқастың болатынын меңзеді.

«Бокс жанкүйерлерін жаңа, әсерлі айқас күтіп тұрған сияқты – Жәнібек пен Кроуфорд! Бұл туралы бүгінде бәрі айтып жатыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, жекпе-жек келесі жылы өтуі мүмкін. Менің ойымша, мықтылар әрдайым мықтылармен қолғап түйістіруі керек», — деп жазды Жәнібек Әлімханұлы өзінің Instagram парақшасында.

Бұл мәлімдеме спорт жанкүйерлері арасында үлкен қызығушылық туғызды. Себебі, Теренс Кроуфорд қазіргі таңда заманауи бокстың аңыз тұлғаларының бірі саналады. Ол – үш түрлі салмақ дәрежесінде абсолютті чемпион атанған алғашқы боксшы.

Кроуфорд соңғы кездесуінде 35 жастағы мексикалық Сауль «Канело» Альваресті сенімді түрде жеңіп, екінші орта салмақта абсолютті чемпион атағын иеленген болатын. Бұл жетістік оны қазіргі бокстың ең әмбебап әрі күшті спортшыларының қатарына қосты.

Америкалық чемпионның командасы бұған дейін де басқа салмақ дәрежелерінде жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеген. Алайда, Кроуфорд үшін басты шарт – айқас абсолютті чемпиондық белбеулер үшін өтуі тиіс.

Өз кезегінде Жәнібек Әлімханұлы да төрт белбеудің екеуін – WBO және IBF титулдарын иеленіп отыр. Ол бірнеше мәрте қалған екі белбеу – WBC және WBA тұжырымдарын біріктіріп, абсолютті чемпион атануға деген нақты ниетін білдірген болатын.

Егер бұл жекпе-жек расымен жүзеге асса, ол тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем боксы үшін тарихи оқиға болмақ. Бокс жанкүйерлері үшін бұл кездесу — екі дәуірдің чемпиондарының айқасы ретінде есте қалары анық.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам