Ол – әлем тарихында сегіз салмақ дәрежесінде чемпион атанған жалғыз боксшы
Алты салмақ дәрежесі бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы, филиппиндік аңыз боксшы Мэнни Пакьяо Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) вице-президенті болып тағайындалды.
Ұйым дерегінше, бұл шешім 27 қазан күні Манилада (Филиппин) өткен IBA директорлар кеңесінің отырысында ресми түрде бекітілді.
Пакьяо жаңа қызметке тағайындалғаннан кейін өз мәлімдемесінде бокстың дамуына және спортшыларды қолдауға бағытталған мақсаттарын атап өтті:
«IBA президенті Умар Кремлёвтің басшылығының арқасында ұйым жаңа «алтын дәуірге» қадам басты. Бұл – әрбір боксшының армандауға, күресуге және тең дәрежеде жеңіске жетуге мүмкіндігі бар кезең. Мен осы миссияның бір бөлігі болғаныма мақтанамын: ешбір жас спортшы назардан тыс қалмауы, ешбір чемпион ұмытылмауы және ешбір ел өздерін шеттетілген сезінбеуі тиіс.
IBA вице-президенті ретінде мен әуесқойлар мен кәсіпқойлар, Шығыс пен Батыс арасындағы, ұрпақтар мен мәдениеттер арасындағы көпір болуға ниеттімін. Бокс – адамдарды саясаттың ешқашан біріктіре алмайтындай деңгейде жақындастыратын спорт. Ол өмірді өзгертеді, қоғамды шабыттандырады және бөлінушілік бар жерге бейбітшілік әкеледі», – деді Пакьяо.
46 жастағы Мэнни Пакьяо кәсіби мансабында 62 рет жеңіске жетсе (оның 39-ы нокаутпен), 8 жеңіліп, 3 рет қарсыласымен тең тарқасқан. Ол – әлем тарихында сегіз салмақ дәрежесінде чемпион атанған жалғыз боксшы.
Пакьяо ұзақ жылдар бойы салмаққа қарамастан ең үздік боксшылардың бірі болып саналды және әлемдік бокс тарихындағы ең ұлы спортшылардың рейтингіне енген.