Боксшы Каирге аттанар алдында визаға қатысты мәселеге тап болған
Әйелдер арасындағы IBO нұсқасы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Ангелина Лукас Каирге аттанар алдында виза мәселесіне байланысты қиындық көрген.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында айтып, сапары өте қиын әрі күйзеліске толы болғанын жеткізді. Себебі ол елге паспортында виза болмаған күйі аттанған екен.
Лукас визасының бірнеше аптаға кешіктірілгенін айтып, соған қарамастан жекпе-жекке уақытында жету үшін сапарған аттанған. Спортшы Мысырдың кәсіби бокс федерациясының өкілдерімен және Қазақстанның консулымен байланысып, ел аумағына кіруге рұқсат алып отыр.
Осылайша оған виза әуежайға қонған кезде қойылған. Естеріңізге сала кетейік, Ангелина Лукастың келесі жекпе-жегін 14 қараша күні Каирде өткізеді деп жоспарланып отыр. Оның қарсыласы – америкалық Кэрин Ренни. Бұл кездесуде IBO және WBA Gold World белбеулері сарапқа салынады.
Биылғы маусым айының бірінде Ангелина Лукас Таразда рингке шыққан. Сол жолы оның қарсыласы чилилік Даниэла Асенхомен он раундқа жоспарланған жекпе-жекте Лукас 15-жеңісіне қол жеткізді.