
«Атлетикодан» жеңілген «Реал Мадрид» енді «Қайратпен» кездеседі
Испания чемпионатының 7-турындағы басты матч – мадридтік дерби «Атлетиконың» ірі жеңісімен тарихта қалды. Диего Симеоне шәкірттері өз алаңында «Реал Мадридті» 5:2 есебімен ойсырата жеңді.
Ойын «Рияд Эйр Метрополитано» стадионында өтті. Есепті 14-минутта «Атлетико» қорғаушысы Робен Ле Норман ашты. Алайда көп ұзамай Килиан Мбаппе (25-минут) және Арда Гюлер (36-минут) «Реалды» алға шығарды. Бірінші тайм аяқталар сәтте Александр Серлот таразы басын теңестірді (48-минут).
Екінші таймда «Атлетико» алаңдағы басымдықты өз қолына алды. Хулиан Альварес дубль авторы атанып (51 және 63-минуттар), командасын алға сүйреді. Қосымша уақытта Антуан Гризманн соңғы нүктені қойып, есепті 5:2-ге жеткізді.
Бұл жеңіс «Атлетикоға» маусымдағы үшінші жеңісін сыйлады. Қазір мадридтік клуб 12 ұпаймен турнир кестесінде 4-орында. «Реал» болса осы маусымдағы алғашқы жеңілісіне қарамастан, 18 ұпаймен Ла Лига көшбасшысы болып тұр.
Айта кетейік, дәл осы матчтан кейін «Реал Мадрид» ойыншылары Алматыға жол тартады. 30 қыркүйек күні испандықтар Чемпиондар Лигасы аясында «Қайратпен» кездеседі. Ойын 21:45-те басталады.