ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Эфирде Ермаш, Олжас және Ганс!

«Қайрат» «Реалмен», халық интернетпен алысты: Нартай Аралбайұлы тікелей эфирге жауаптыларды сынады

01.10.2025, 12:44

Көптеген жанкүйерлер матчты үзіп-үзіп көруге мәжбүр болды

«Қайрат» «Реалмен», халық интернетпен алысты: Нартай Аралбайұлы тікелей эфирге жауаптыларды сынады
Мәжіліс

Алматыда өткен «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы тарихи ойын кезінде қазақстандық жанкүйерлер онлайн-трансляцияның сапасына жаппай наразылық білдірді. Көптеген көрермендер әлеуметтік желілерде эфирдің жиі үзіліп, интернет жүктемені көтермегенін айтып шағымданды.

Бұл жағдайға Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы да пікір білдірді.

«Футболдың жанкүйері, жанашыры ретінде біздің «Қайрат» өте жақсы ойын өрнегін көрсетті. Біздің азаматтарымыз бен жастарымыздың әлі де алар асулары алда ғой деп ойлаймын. Расымен де, «Футбол көрдіңіз бе?» деген сұрақты менен сұрап жатыр. Бірақ бұл сұраққа көшедегі қазақстандықтардан сұрасаңыз, барлығы да «иә» деп жауап бере алмайтыны өкінішті. Біздегі интернет сервер жүктемені көтере алмады. Тариф құнын көтеруден алдына жан салмайтын «Қазақтелеком» бастаған байланыс операторлары, айналып келгенде, азаматтарымызды футбол тойынан құр қалдырды. Бұл мені қатты ашындырды», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, стадионға барып ойын көруге әр азаматтың әлеуметтік жағдайы жете бермейді. Мыңдаған теңгелік билет сатып ала алмайтындар үшін жалғыз мүмкіндік – үйде отырып, теледидар немесе онлайн-трансляция арқылы көру болған. Алайда, дәл сол сәтте эфирдің сапасы сын көтермей, көптеген жанкүйерлер матчтан тыс қалған.

«Қанша мың теңге төлейтін байланыс операторларының өзі жүктемені ескермей, азаматтарды футбол тойынан қапы қалдырғаны қапаландырады. Бұл туралы қазір депутаттық сауал дайындап жатырмын. Себебі мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Иә, біз интернет сапасы дейміз, басқа дейміз, бірақ дәл осындай Чемпиондар лигасын 15 рет жеңген «Реал Мадрид» секілді алып команда келгенде, біздің азаматтардың қызығушылығы ерекше жоғары болатыны белгілі. «Қайратымыздың» биік деңгейін тамашалағысы келген жанкүйерлер өте көп болды», – деді Нартай Аралбайұлы.

Оның сөзінше, ол да матчты көру барысында қиындыққа тап болған.

«Біз матчты испаниялық сайттардан көруге мәжбүр болдық. Бірінші таймнан кейін ойынды қосқанның өзінде трансляция қайта-қайта тоқтап қала берді. Өз тәжірибемнен айтайын: 31 минут бойы «Қазақтелеком» операторымен сөйлесіп отырып, эфирді әрең қостым. Бұл өте қолайсыз, ыңғайсыз жағдай болды», – деп түйіндеді депутат.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 9
Ұнамайды 0
Күлкілі 2
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам