
Карседо екі команданың да қақпашыларының ойынын жоғары бағалады
Кипрлік «Пафос» командасының бас бапкері Хуан Карлос Карседо Лига чемпиондарының жалпы кезеңіндегі «Қайратқа» қарсы өткен ойыннан кейін өз әсерімен бөлісті.
«Әрине, өкініш бар. Бұл ойынды сәл басқаша жоспарлағанбыз және үш ұпай алуға үміттендік. Команда жақсы қорғанды, бірнеше нақты мүмкіндік те болды. Жеңіске жетуге әбден болатын еді. Алғашқы минуттардан-ақ аз құрамда ойнағанымызға қарамастан, жігіттер мінез көрсетті, берілмеді. Матчты агрессивті бастауға тырыстық, бірақ ойын жоспарын толық жүзеге асыра алмадық. Соған қарамастан, тез бейімделіп, сапалы ойын көрсеттік», - деді Карседо.
Бапкердің айтуынша, Чемпиондар лигасы – басқа деңгейдегі тәжірибе мен сынақ алаңы:
«Біз әртүрлі сценарийге дайынбыз. Ұлттық чемпионатта өзімізді сенімді сезінеміз, көбіне үстемдік етеміз. Бірақ Чемпиондар лигасында бәрі әлдеқайда қиын. Мұнда әр матч — нағыз сынақ. Өзіміздің мықты тұстарымызды білеміз және соны барынша пайдалануға тырысамыз. Бүгін «Қайрат» та стиль жағынан бізге ұқсас ойын көрсетті. Үш ұпай алуға мүмкіндік болды, бірақ Чемпиондар лигасында бәрі де болуы мүмкін. Соған қарамастан, біз соңына дейін күрестік және жақсы деңгейде ойнадық деп ойлаймын», — деді ол.
Карседо екі команданың да қақпашыларының ойынын жоғары бағалап, Темірлан Анарбековтің сейвтерін атап өтті:
«Қайрат» — мықты қарсылас. Біз бұл кездесудің қиын боларын білдік. Жоғары қарқын, жанкүйерлердің қысымы — бәрі әсер етті. Бірақ біз жинақы ойнауға тырыстық, қарсы шабуылдарда мүмкіндік іздедік. «Қайраттың» жиі фланг ауыстыратынын білдік, соған дайын болдық. Соған қарамастан, жеңіске жету мүмкіндігі болды, — деді кипрлік маман.