Боксқа келгеніме он төрт жыл болды.
Дубайдағы әлем чемпионатына Моңғолия құрамасынан екі қазақ боксшысы қатысты. Соның бірі – аса ауыр салмақ өкілі Бекнұр Қалиұлы. Өкінішке қарай, этникалық қазақ боксшысы алғашқы айналымда жеңіліс тапты. Осы орайда қандасымызбен тілдесіп, Моңғолиядағы бокстың дамуы, қазақстандық боксшылармен қарым-қатынасы жайлы сұрадық.
– Бекнұр, әлем чемпионаты сіз үшін аяқталды. Жарыс алдындағы мақсат қандай еді? Жалпы қандай жоспармен келіп едіңіз?
– Иә, бұл – менің алғашқы әлем чемпионатым. Негізгі мақсат медаль алу болды. Өкінішке қарай, оны орындай алмадық. Бірақ бұл мен үшін өте үлкен тәжірибе болды. Алдағы уақытта осы кемшіліктерді түзетіп, жаттығуды бұрынғыдан да күшейтеміз.
Жалпы дайындық жайына келсек, бізде екі бөлек ұйым бар: IBA және World Boxing. Бастапқыда бұл жарысқа қатысатынымыз нақтыланған жоқ. Сол себепті дайындықтың өзі кішкене кеш басталды. Әдетте біз Ұланбатырда дайындаламыз.
– Дубайдың климатына бейімделу қиын болмады ма?
– Қиындау болды. Себебі біз шыққанда ауа райы шамамен -30°C еді. Ал мұнда +30°C. Яғни 60 градус айырмашылық. Келген алғашқы екі-үш күн өте ауыр болды, дене де, тыныс та тез бейімделе қоймайды. Соған қарамастан жарысқа түсіп кеттік.
– Жеңілгеннен кейін бапкерлер не айтты?
– Ағайдың алдында ұялып қалдым. Біз үшін алыс жолдан келді. Ұрыспады, бірақ «Өнеріңді көрсететін жер осы еді» деді. Ол кісі бізді кішкентайымыздан біледі ғой.
– Моңғолиялық боксшылардың бірі жеңгендей көрініп еді, бірақ жеңісті қарсыласқа берді. Төрешілікке көңіліңіз толмады ма?
– Иә, біздің бір бала тәжік боксшысын таза жеңді. Бірақ ұпай берілмей қалды. Моңғолиядан төреші келмегендіктен, әдейі жасалған дүние сияқты көрінді.
– Моңғолия құрамасы жарысты аяқтады. Ширек финалға ешкім өтпеді ғой?
– Иә, өкінішке қарай, ешқайсымыз өте алмадық. Алтау боп келгенбіз. Жандос та (Жандос Асқар – Моңғолия сапындағы қазақ боксшысы) кеше ұтылып қалды.
– Оған не кедергі болды деп ойлайсыз?
– Жандос – жас, өсіп келе жатқан боксшы. Бұл – оның да алғашқы ірі жарыстарының бірі. Үлкен тәжірибе болғаны анық. Болашағынан үміт бар.
– Өзіңіз құрамаға қашан іліктіңіз? Боксқа қалай келдіңіз?
– Боксқа келгеніме он төрт жыл болды. Бірақ арасында полиция қызметінде бес-алты жылдай үзіліс жасадым. Соңғы үш жылда қайтадан толыққанды оралып, Азия чемпионатына қатысып, әлем чемпионатын да өз көзіммен көргім келді. Бастаған соң «аяғына дейін көрейін» деген ой болды.
Алғашында волейбол мен баскетбол ойнап жүретінмін. Кейін Қайнар Қайсанайұлы деген ұстазым: «Сенің боксқа икемің бар» деп алып келді. 16-17 жасымнан бастап бокс жолына түстім. Бәрібір қанда бар екен, боксқа тартып тұрады.
Ауыр салмақта салмақ тастау қиын. Әсіресе бізде. Өте көп түсіріп жіберсең, күшің жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан салмақты барынша ұстап жүремін.
– Отбасыңызда тағы спортпен айналысатындар бар ма?
– Бауырым баскетбол ойнайды. Бокспен үйде жалғыз менмін. «Бір үйге бір боксшы жетеді» деп әзілдеп қоямыз.
Әкем ұзын кісі, анам жас кезінде волейбол ойнаған. Бізге спортқа деген қызығушылық сол кісілерден дарыды. «Жігіт адам жинақы жүрсін, спортпен айналыссын» деп үнемі айтып отыратын.
– Отбасыңызда неше неше ағайындысыздар?
– Төртеуміз: мен – үлкенмін, екі інім және бір қарындасым бар.
– Биыл Астанада өткен Әлем кубогына да қатысқан едіңіз. Жалпы биылғы маусым сіз үшін қалай болды?
– Биыл мен үшін тәжірибеге толы өте жақсы жыл болды. Әр жарыс сайын көз ашылады, күш те, сенім де көбейеді. Әлем чемпионатында да жақсы үмітпен шықтым. Бірақ климаттың әсері ме, әлде өзім дайын емес болдым ба – білмеймін, толық әлеуетімді көрсете алмадым.
– Ұшу жолыңыз да ұзақ болды ғой?
– Иә. Ұланбатырдан Бейжіңге – екі сағат, одан ары қарай он сағаттай ұштық. Ұзақ жол да өзінше әсер етеді. Бірақ «үмітсіз – шайтан» дейді ғой. Не нәрсеге де дайын болдық.
– Өзіңіз Баян-Өлгейде тұрасыз. Жаттығуды қайда жасайсыз?
– Иә, Баян-Өлгейде спорт саласында жұмыс істеймін. Бірақ негізгі жаттығуды Ұланбатырда жасаймыз. Спарринг жағынан қиындық бар. Моңғолияда күрес түрлері мықты дамыған, боксқа келетін ауыр салмақтағы қарсыластар аз. Сол себепті Қазақстанға барып жаттығып жүрдім. Қазақстанда жақсы танитын бауырларым, жақсы ағайлар бар. Үнемі қол ұшын созуға дайын.
– Қандай қазақ боксшыларымен араласасыз?
– Нұрлан Сапарбай, Айбек, Нұрбек Оралбайлар сияқты жігіттермен жақсы араласамыз.
– Қазақстанда өз салмағыңызда кім мықты деп есептейсіз?
– Әрине, Айбек.
– Өзге салмақтан кімнің боксы ұнайды?
– Төрехан Сабырхан. Өте жылдам, рингте мінез көрсетеді, көрерменге арналған шоу жасайды. Боксқа шоу керек. Сол арқылы адамды тартады.
– Моңғолия бокс федерациясының қолдауы қандай? Сыйақы, қаржылай көмек бар ма?
– Аз-маз сыйлық береді, бізде құрамада айлық бар. Бірақ сыйақылар Қазақстан, Өзбекстан сияқты емес. Қазақстанда анасына, бапкеріне дейін қаржылай сыйақылар беріп жатады, ол жақсы ғой.
– Баян-Өлгей қазақтары қай спорт түріне қызығады?
– Ол жақта 100 мыңнан аса қазақ бар. Көбі күреспен айналысады, ол – ұлттық спорт. Бірақ соңғы жылдары боксқа қызығушылық қатты өсіп келеді. Балалар боксқа қызыға бастады.
– Бокс Қазақстанда нөмірі бірінші спорт болған соң, жарыстан жеңілген спортшыларымызды кейде жерден алып, жерге салып жатады. Моңғолияда боксшыларға сын көп айтыла ма?
– Бар. Кім жеңілсе де, сын айтылады. Бұйырғаны осы болып тұры ғой.
– Өзіңіздің бокстағы артықшылығыңыз қандай?
– Бойым аса биік те емес, ерекше жылдаммын деп те айта алмаймын. Бірақ төзімділігім жақсы. Көп раундқа шыдаймын.
– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
– Әр боксшының арманы – әлемдік аренада топ жару. Мен де солай. Алла қаласа, үлкен жеңістерге жеткім келеді.
– Бокстан бөлек немен айналысасыз?
– Атқа мінемін, баскетбол, волейбол ойнаймын. Жас кезден спортқа жақынбыз.
– Болашақта бапкерлікке келу ойда бар ма?
– Иә, әрине. Қанша жыл бойы жинаған тәжірибемді балаларға үйреткім келеді. Өзім жетпеген нәтижеге шәкірттерімді жеткізсем деген арманым бар.
– Қай құрамаларды мықты деп санайсыз?
– Қазір бокс барлық елде дамып жатыр. Африка елдері де керемет өнер көрсетуде. Кеше ғана өзбек боксшысын жеңіп кеткенін көрдіңіздер.
Өзім қазақ болғандықтан, ең мықты құрама Қазақстан деп есептеймін.
– Алдағы Азия ойындарына қатысасыз ба?
– Алла қаласа, алдымен Моңғолияда өтетін World Cup-тың Азия чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Бұйыртса, Азия ойындарында да бақ сынаймын.