Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

«Қазір-ақ баруға дайынмын»: Олимпиададан кейін үнсіз кеткен Қамшыбек Қоңқабаев сұхбат берді

24.12.2025, 13:56

 Париж олимпиадасынан кейін өз жолымды інілеріме бергенім рас, спортта жүргенде сенің отбасыңа уақытың болмайды

«Қазір-ақ баруға дайынмын»: Олимпиададан кейін үнсіз кеткен Қамшыбек Қоңқабаев  сұхбат берді
ҰОК

Талай жыл бокстан аса ауыр салмақта құраманың көшбасшысы болған Қамшыбек Қоңқабаев карьерасына қатысты бірнеше ұсыныс болғанымен, әлі нақты шешім қабылдамағанын алға тартты. Былтыр үзіліс алған боксшы құрамаға оралуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. 

– Қамшыбек, соңғы бір жылда сізді жанкүйерлер жоғалтып алды. Қазір қайда, немен айналысып жүрсіз?

– Париж олимпиадасынан кейін өз жолымды інілеріме бергенім рас, спортта жүргенде сенің отбасыңа уақытың болмайды. Айлап-жылдап оқу-жаттығу жиындарында, жарыстарда жүресің, бала-шағаңды көрмейсің. Сондықтан осы уақытты отбасыма арнап, әкелік міндеттерімді атқарып жатқан жайым бар. Оның өзі де керемет екен. Күнделікті сабаққа апарып-әкелемін. 

– Бірақ бұл дегеніміз спорттан біржола кетті дегенді аңғартпайтын шығар?

– Негізі карьерамды кәсіпқой бокста жалғастырсам деген ниет бар. Англиядан, АҚШ-тан ұсыныстар түсті, соларды талқылап жатырмыз. Өздеріңіз де білесіздер, жасың ұлғайған сайын беделді ұйымдар аса қызығушылық таныта қоймайды, сөйте тұра осы бағытта тұрақты жұмыс істеп жүрген ұйымдармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қалай боларын уақыт көрсетеді. 

Екінші жағынан, осы күнге дейін жинаған тәжірибемді інілерімізге үйретіп, елге пайдамды тигізсем деген де жоспар бар. Құдай қаласа, 2026 жылы жақсы жаңалықтар болады деген үміт бар.

– Былтыр карьераңызды аяқтайды деген ақпарат тарағанда, жеке бапкеріңізге хабарластық, бірақ ол кісі мұндайдан бейхабар екенін айтты. Өзіңіз де құрамадан кеткеніңізді ресми растаған жоқсыз. Бұл мәселе әлі ашық күйде ме?

– Рас, өзім ресми түрде мәлімдеме жасаған жоқпын. Бұл туралы бас бапкеріміз Қайрат Сәтжанов айтқан болатын. Себебі ол кісіге Олимпиада ойындарынан соң демалатынымды, жастарға жол беретінімді жеткізгенмін, бәлкім осы сөздерімнен соң да Қайрат ағай осындай қорытындыға келген шығар.  
Егер елім, бапкерлер «ұлттық құрамаға керексің» десе, қазір-ақ баруға дайынмын. Қалай дегенмен 20 жылға жуық уақытымызды боксқа арнадық. Ұлттық құрама дегенде ішер асымызды жерге қоямыз. 

– Сіздің байырғы қарсыласыңыз өзбекстандық Баходир Жалолов бүгінде кәсіпқой бокста бақ сынап жүр. Ол әуесқой бокстан кеткен соң, көпшілік енді сіздің топ жаратын уақытыңыз келді дегендей болжам айтып жүр. Соңғы әлем біріншіліктерінен соң осындай пікірлер тіпті жиілеп кеткен секілді...  

– Шыны керек, өзіме де талай кісі осылай айтып жатыр: «орның бөлек, әлі де айтарың бар» деп жазып та жатады. 
Баходирмен талай жыл шаршы алаңда қарсылас болдық, бірде ол, бірде мен жеңдім. Әрине, спортшы болған соң карьераңды есте қаларлық жеңіспен аяқтағың келеді ғой. Ондай арман менде де бар екенін жасырмаймын. Адам өзі қанағатсыз ғой, чемпион болсам дейсің, сонан соң екі дүркін деген атаққа, әрі қарай үш дүркін деген атаққа қол жеткізсем дейсің. Бірақ оның бәріне әсер етуші факторлар бар.  

– Өзіңіз жаттығу жасап жүрсіз бе?

– Жаттығу жасаймын, бірақ құрамада жүргендей емес. Негізінен сол денсаулықты қалыпта ұстауға бағытталған жаттығулар ғой. 

– Жарақаттарыңызды толық емдеп үлгерген боларсыз?

– Аллаға шүкір, карьерамда айтарлықтай жарақат болған емес. Ұсақ-түйектерін емдедік, бәрі жақсы. 

– Биыл бокс үшін табысты жыл болды, екі бірдей әлем чемпионаты өтті. Жігіттердің өнеріне қандай баға бересіз?

– World Boxing ұйымы ұйымдастырған әлем чемпионатында інілеріміз төрт бірдей алтын алды. Кешегі ІВА-дің ұйымдастыруымен өткен біріншілікте тағы үш алтын бұйырды. Өте жақсы көрсеткіш. ІВА-де салмақ көп болғанымен, Олимпиада ойындарында жеті ғана салмақ болады. Сондықтан бұл ішкі бәсекені тағы да арттырады деген сөз. Сондықтан соңғы екі Олимпиадада кеткен есемізді Лос-Андежелестегі аламанда қайтарып, бір емес, бірнеше алтын алсақ екен деген тілек бар. 

– Бірақ ІВА-дегі төрешілердің кейбір әрекеттеріне қарап, тіпті «ұйым ұсынған ақша да қызықтырмауы керек, әлем чемпионатына қатысудың қажеті жоқ еді» деп жатқан пікірлерді де оқыдық. 

– Мұның бәрі тәжірибе. Қарсыласыңды зерттеуге, өз кемшіліктеріңді көруге мүмкіндік. Әлем чемпионатына қатысудың өзі де керемет сезім. Ал қаражатқа келсек, жеңімпазға 300 мың доллар беріледі деді, ал соның жартысы ғана боксшыға тиесілі, қалғанын бапкері мен федерацияға кетеді. Бірақ спортшының талай жылғы өмірін, денсаулығын, оның отбасынан жырақта жүретінін ескерсек, бұл ақшаның өзі түк емес.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам