Ол әлем чемпионатындағы сәтсіздігін түсіндірді
Бакуде дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында 81 келіде күрескен Жалғас Қайролла үш белдесу өткізді. 1/8 финалда Сербия балуанына жол берген отандасымыздың бабы келіскендей көрінген еді. Алайда, ол шешуші сәтте қарсыласына ұпай беріп, жарыс жолынан шығуға мәжбүр болды.
Жарыстан кейін балуан чемпионаттағы аяқалысына шолу жасап, 1bol.kz тілшісіне сұхбат берген еді.
- Чемпионаттың қола жүлдегері, сербиялық Михайло Симиммен белдесуде сізге не жетіспеді деп ойласыз?
- Әлем чемпионатында өз ойымдағыдай күрестім. Бірақ Сербия балуанымен күресте татамиде солақай тұрысқа ауысып, қателікке жол бердім деп ойлаймын. Белсенділікті арттырып, шидо алуға жұмыс істедім. Бірақ төреші шешімі басқаша болып, соңынан юко ұпайымен жеңілдім.
- Қарымды қарсыласпен белдесу алдындағы тактикаңыз қандай еді?
- Сербия балуанын бұрыннан білемін. Әр жарыста жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Әлемдік рейтингте де жоғары сатыға жайғасқан. Соған орай біз тактикалық тұрғыда алдын ала дайындалған болатынбыз. Сараптама жасап, жоспар бойынша тас-түйін даяр болып татамиге шықтық.
- Жарыс алдында көңіліңізде алаң, қобалжу болмады ма? Қанша дегенмен ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырсыз ғой…
- Иә, бұл менің алғашқы әлем чемпионатым. Бірақ көңіл қалыпты, біртоға қалыпта белдесулерімді ойдағыдай өткіздім. 2027 жылы өз елімізде әлем біріншілігі өтеді. Сол бәсекеге дайындаламыз.
- Құрама балуандарының іріктеу бәсекелерінде жеңілуі сіздерге психологиялық тұрғыда әсер еткен жоқ па?
- Жоқ. Бұл тұрғыда бізге еш әсер етпеді. Керісінше, Шерзод Давлатовтың финалға шығып, күміс жүлде алуы жігерлендіре түсті. Толық түрде мотивация берді.
- Әлем чемпионатының алдында Алматыда оқу-жаттығу жиындары өтті. Жарысқа дайындық қалай өтті?
- Бұл дайындық барысы ойдағылай өрбіді. Жаттығу барысынан жарақатсыз өтіп, бабымызға келдік. Екі айдан астам уақыт бойы жоғары деңгейде жаттығып, еш жарысқа қатыспадым. Салмағымда мәселе бар еді. Сол жағынан толық түрде реттей алдым.
- Чемпионат барысында байқағанымыз, ұлттық құрама балуандарының психологиялық жайы тұрақтала түскендей көрінді. Мәселен, рейтингте жоғары тұрған фавориттермен күресте біздің балуандар тең дәрежеде, тіпті басым түскен жайттар болды...
- Жалпы, спортта жеңе алмаймын деген қарсылас болмайды. Сондықтан алаңсыз өз күресімізді татамиде жүргізуге барымызды саламыз.
- Жыл соңына дейін бірнеше жарыс бар. Солардың қайсысында өнер көрсетесіз?
- Абу-Дабиде қазан айының соңында өтетін Гранд Слэм турнирінде күресемін. Қазіргі жоспарым сол бәсекеге бағытталып отыр. Соңынан ұпай үшін Душанбе қаласында өтетін мастерс турниріне де баруды көздеймін.
- Қазақстан құрамасында 81 келіде бәсеке күшейген. Мәселен, Алмат Әділет өткен аптада Азия ойындарында финалға шықса, тағы бір әріптесіңіз әлем чемпионатында бесінші орынға жайғасты. Өз салмағыңыздағы бәсекені қалай бағалайсыз?
- Қазақстан құрамасында 81 келіде бәсеке өсіп келеді. Сондықтан жаттығуды үзбей, сол сында жоғары нәтижеге жетуім қажет деп санаймын. Келер жылы әлем біріншілігі елімізде өтеді. Сол бәсекеге қатысып, жүлде алуды басты мақсатым деп санаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет!