Қыздар мен ерлер боксы теңеседі. Еркекшора бокшылар. Ұлттық құрамадағы интирига

«Жігіттердің дайындығы өте нашар»: дзюдо бапкері әлем чемпионатындағы сәтсіздік туралы

24.05.2024, 12:34

Ол сондай-ақ, ұлттық құрама мен федерациядағы біраз «былықтың» басын ашты

«Жігіттердің дайындығы өте нашар»: дзюдо бапкері әлем чемпионатындағы сәтсіздік туралы
фото автордан

БАӘ астанасы Абу-Дабиде дзюдо күресінен әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстанның ерлер құрамасы бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады. Қыздардан тек Абиба Әбужақынова қола медаль алды. Жарыстан кейін қызылордалық маман Қален Қалиұлымен сұхбаттастық.

Қален Қалиұлы – дзюдодан жоғары санатты бапкер, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ұлттық құрамада үздік нәтиже көрсетіп жүрген үш спортшы – Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар және Нұрлыхан Шарханның жеке жаттықтырушысы. Бірақ әлем чемпионатына тек бір шәкірті ғана қатысты. Жұбаназар денсаулығына байланысты келе алмаса, Шамшадинді ұлттық құрама бапкерлері тізімге енгізбеді. Осы және өзге де сұрақтарға тәжірибелі маман ашық жауап берді.

– Әлем чемпионаты аяқталды. Не түйдіңіздер? Кемшілік қай жерден кетті?

– Неше күннен бері қарап жүрміз. Өте өкінішті, медаль болмады. Ішің күйеді. Дзюдода толыққанды мектебі қалыптаспаған Финляндия, Қырғызстан, Тәжікстан балуандары жүлде алды. Ал Қазақстанға дым бұйырмады. Құраманың былай сәтсіз өнер көрсетіп жатқанын саралайтын тікелей жауапты бапкерлер штабы, федерация басшылығы бар. Мен тек өзімнің шәкірттеріме баға бере аламын. Олардың дайындығы, көңіл-күйі қалай болып жатқанын білемін. Шәкірттерімнің жаттығу процесі қалай өткенін білгендіктен, оларды жазғырып, кінәламаймын.

– Сонда нені меңзеп тұрсыз?

– Жігіттердің дайындығы өте нашар. Мысалы, Нұрлыхан Шархан есе жіберген швейцариялық қарсыласын бұған дейін ұтқан. Тактикалық тұрғыда бәрін айтып жібердік. Бірақ физикалық жағынан әлсіз болып шықты. Дайындығы жетіспеді.

– Бірақ бұған не себеп? Алдымен өз шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз?

– Нұрлыханның физикалық дайындығы өте төмен болып тұр. Жігіттерді кінәлай беру оңай ғой. Алайда, негізгі кінә оларда емес. Жаттығу процесі дұрыс болғанда күресер еді. Біздің балуандардың бәрі мықты. Сегізі күресті, ешқайсысы осал емес. 

Қазақстанның дзюдода өз орны бар. Мектебіміз қалыптасқан емес. Непал емеспіз ғой. Осындай жүлдесіз қайтқанымыз өкінішті.

– Бас бапкер жарыстардың тым тығыз болып кеткенін айтуда...

– Жаттықтырушылардың өз қорытындысы болады. Мен олардың жұмысына баға бергім келмейді. Федерация, Туризм және спорт министрлігі, комитет бар. Солар бапкерлер штабының жұмысына қатысты өз шешімін айтар. Бұл жарыстар Олимпида ойындарына ұпай береді. Барлық мемлекет бір күнтізбемен жүреді. Егер 5-7 жарысқа қатыспасаң, Олимпиадаға ұпай алу мүмкін емес. Сондықтан ол додаларға қатысуға міндеттісің. Біз әлі Жапонияның деңгейіне жеткен жоқпыз ғой. Екі Grand Slam-ға қатысып, екі алтын алып, демала беретін. Сол себепті біз көп жарысқа қатысуға мәжбүрміз. Өйткені Олимпиадаға ұпай керек.

– Физикалық дайындық туралы нақтырақ нені айтып тұрсыз?

– Енді бізге осылай қатарынан бірнеше жарысқа қатысуымыз үшін күш керек. Сол жағы кемшін болып жатыр. Француз мамандары бар, бапкерлер штабы бар, сараптама жасап отыр деп ойлаймын. Елдің бәрі Олимпиада жақындағанда ұпай алғысы келеді. Кейбіреулерге лицензияға аз-кем ұпай жетпей тұр, енді біреуі рейтингте сегіздікке кіруге жанталасып жүр. Сонда Парижде жеребе оңайлау болады. Сондықтан осы әлем чемпионатына келді.

– Сіз жарыс алдында өзіңіздің шәкіртіңізбен сөйлестіңіз бе?

– Мен олардың дайындығына тікелей араласқан жоқпын. Бапкерлер штабында болмаған соң, қатыса алмаймын. Әрине, кездесемін, сөйлесемін. Қолымнан келетіні – мотивация беремін, түсіндіремін. Тактикалық ньюанстарды айтамын. Тамақтарын дайындаймын. Өздеріңіз білесіздер, салмақ қуған соң, ол маңызды.

– Сіздің құрамадағы осы үш шәкіртіңізден бөлек, тағы кімдерді жаттықтырғансыз?

– Бір кездері «Қазақстан барысында» топ жарған Еламан Ерғалиевті дайындағанмын. Оған әрине әлемдік аренаның ауылы алыс. Жастардан дайындап жүрген шәкірттерім бар. Бар зейінім жеке бапкер ретінде осы үш спортшыда.

– Талай жарысты көріп жүрсіз Абу-Дабидегі әлем чемпионатының ұйымдастыру жұмысына көңіліз толды ма?

– Былтыр Катар, биыл БАӘ қабылдап жатыр. Араб елдері жақсы ұйымдастырған. Әлем чемпионаттарының ішіндегі ең үздігі деп санамаймын. Былтырғысы бұдан жақсы болған. Бір кездері кейбір әлем біріншіліктеріне 135-ке дейін мемлекет қатысқан. Осы жолы қателеспесем 104 ел келді.

– Енді 60 келіге тоқталсақ. Олимпиадаға кім баруы мүмкін?

– Өздеріңізге бұған дейін сұхбат бердім. Сол кезде де айттым. Мен Мағжанды ғана апарсын деп жатқан жоқпын. Іріктеу әділ болсын дедім. Соны қалаймын. Әділ шешілсе, артық әңгіме болмайды. Дзюдодағы басты тазалық – ол рейтинг. Егер рейтингті ұстанбайтын болса, бұл талас 2028 жылғы Лос-Анджелесте де қайталануы мүмкін. Бұған дейінгі бапкерлер осы қағиданы ұстанып келді.

Спортшы рейтингтегі ұпайды мандай терімен жинайды. Түріне қарап ешкім ұпай бермейді. Рейтингті де дұрыс жоспарлау қажет. Бір баланы әр жарысқа сүйрей берсе де болмайды. Мысалы 60 келіде үш балуан болса, үшеуіне де бірдей мүмкіндік берілуі тиіс. Сосын рейтингтегі ұпайларына қарап, Олимпиадаға жіберуі керек. 

Бізде алдын ала ештеңе айтылмайды. Бәрі жасырын түрде жүзеге асырылады. Осыған қарным ашады. Өзім де құрамада болдым. Бас бапкер ретінде қызмет атқармадым. Бірақ аға бапкер ретінде бәрін көрдім. Ол кездегі бас жаттықтырушылар рейтингтегі ұпай бойынша Олимпиадаға баратындарын шегелеп айтатын. Сосын жеке бапкерлердің де ұйқысы тыныш еді. Ал қазір бәрі жасырын, іріктеу қалай жасалатыны нақты айтылмайды. Спортшы да, бапкер де алаңдап жүреді.

Қазір кейбіреулер Мағжан үшін айтып жатыр деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Кім барса да әділікпен баруы тиіс. Әділетсіздік ешқашан өрге баспайды.

– Осы ретте Шамшадин әлем чемпионатына дайын болды ма? Өйткені жарты жылдай жарақатына байланысты жарыстарға қатыса алмады ғой...

– Мағжан алты ай бойы аяғын асып қойып жатқан жоқ. Ол дайындалды. Физикалық тұрғыда әлем чемпионатына қатысуға жарап тұрған. Душанбедегі Grand Slam-да екінші орын алуы да жайдан-жай емес қой.

– Бірақ Астанада жүлдеден тыс қалды...

– Журналистер: «жеңді, жеңілді» деп жазады ғой. Бірақ татамиге дейін маңызды нәрселер бар. Көбісі соны білмейді. Мағжан Душанбедегі финалдан кейін әлем чемпионатына баратынына сенімді болмады. Рейтингте жоғарылады. Сөйтіп, эмоциналдық тұрғыда босап қалды. Екі жарыстың арасы бір апта. Шәкіртім 4 келі салмақ қуады. Қайта қалпына келіп үлгере алмай қалды. Екіншіден, Душанбеден Астанаға келгенде, әлем чемпионатына баратын құрам жарияланды. Бақ беттерінен оқыдық. Оның салмағында Нұрқанат Серікбаев тұрды. Елдос екеуі болмады. Мағжан неге бұлай деп түсінбеді. Осы жағдайлар психологиялық тұрғыда әсер етті. Екінші орын алып келсе де, әлем чемпионатына апармаған соң ренжи бастады.

Бәріне бірдей мүмкіндік берілді дейді. Олай емес, сол кезде өздеріңе де айтқанмын. Қаңтардан бері Мағжан – екі, қалғандары 5-7 жарысқа қатысты. 

Бізде бәрі жасырын деген сөзіме тағы бір дәлел келтірейін. Душанбеден кейін спортшыларды шақырып алып, Астанада кім жақсы күреседі сол барады деп неге айтпайды? Ең болмаса бізге ескертсе болады ғой. Әйтпесе, Нұрқанат пен Елдос екеуі де бауырларымыз. Сметов – қазақ дзюдосының тарихын жазып жүрген жігіт. Жеке басында ешқандай қарсылығым жоқ. Тек бәрі әділ болғанын қалаймын.

Басқа елдің бәрінде ашық, бізде ғана жабық. Рейтингке немесе нақты мына жарысқа қарап, қорытынды шығарамыз демейді. Әйтеуір біреудің ұтылғанын күтетін сияқты.

– Мағжанның қазір көңіл-күйі қалай?

– Өте нашар. Ол қатты ренжіді, қатты намыстанды. Бала кезден газет-журнал оқытып үйрететінмін. Жоғары жетістікке жеткен спортшылардың қиналған сәттерін де оқитын. Соны олар түсінсін деген ниет. Бізде қаншама Олимпиада, әлем чемпионы бар. Олардың бәрінің бірдей жолы оңай болған жоқ қой. Талай әділетсіздік көрсе де, мойымай жетістікке жеткендері бар. Соларды мысалға келтіретінмін.

Бұрын біреудің сұхбатын оқитын едік, қазір сол жағдайларға өзіміз тап болып отырмыз. Мағжанды да осы жағдайлар қынжылтады. Сырттан қарап баға беру оңай ғой. Қазір сол әділетсіздіктердің ішінде жүрміз. Шәкіртім қолын сілтеп кете салатын жігіт емес. Бұған мойымайды деп сенемін.

– Сіздің айтқан әңгімеңізді әркім әр түрлі қабылдады. Біреулер хайп жасап жатыр деп ойлайды. Мағжан әбден лайық барсын дейтіндер де жетерлік. Бұл жағдайлар спортшылар арасындағы, бапкерлер арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпей ме?

– Жалпы, кім қалай қабылдағысы келеді солай қарай бұрмалай береді. Мысалы менің әлеуметтік желіде парақшам да жоқ. Сондықтан хайп жасау деген артық боалр. Тек шәкіртім үшін шырылдап жүрмін. Міндетті түрде Мағжанды ғана Олимпиадаға апару керек деп жатқан жоқпын. Тек әділдік салтанат құрып, лайықтысын апарсын деген жанайқай.

Спортшылардың қарым-қатынасына қатысты ештеңе айта алмаймын. Мен ол жағына араласа алмаймын. Кішкентай балалар емес.

– Олимпиадаға мынаны апарады деген болжамыңыз бар ма?

– Рейтингпен қаралу керек еді. Ол принципті бұзды ғой. Енді рейтинг бойынша таңдамау керек. Үшеуінің арасында белдесу жасасын.

– Бұл әділетті деп ойлайсыз ба?

– Әрине, дұрыс емес. 2000-жылдары қолданылған әдіс. Жаман естеліктер қалған. Рейтингтің арқасында содан арылдық. Рейтингті бұзған соң, соны қайта еске алуға тура келеді.

Нұрқанатты рейтингте жоғары тұрғаны үшін Астанадағы Grand Slam-ға қатыстырмай, бірден әлем чемпионатына жіберді. Ал қалғандарына ол рейтинг қолданылмады. Парадокс. Неше жылдан бері олар сол рейтингті не үшін жинады?

– Франциядан келген мамандармен сұхбат құрдық. Олар керсінше жеке бапкерлерді кінәлайды. Сөздері көп, жұмысымызға жиі араласады деп отыр. Бұған не айтасыз?

– Олардың айтқан осындай ескертпесін біздің федерация орындады ғой. Француздардың аузынан қандай сөз шығады, федерация бәрін істеп жатыр. Бұл мамандар 2022 жылы маусым айында келді. Ол кезде құрамада мықты бапкерлер жұмыс істеп жүрген. Бәрі – елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушылар. Бәрінің құрамада шәкірттері бар. Содан осы француздардың айтуымен федерация Елдос Сметов секілді спортшыны дайындаған Ғалымжан Жылгелдиевті, Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамзаның әкесі, бапкері Марат Файзиевті, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжановтың жаттықтырушысы Айдар Қайырбаевты құрамадан шығарып жіберді. Олардың бәрі кетті. Бірақ нәтиже жоқ. Жеке бапкерлер құрамада істемеу керек деді. Содан жеке шәкірттері жоқ жаттықтырушыларды әкелді. Одан бірдеңе өзгерді ме?

Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыттың ішінде біздің чемпиондарды сырттан келіп ешкім дайындаған емес. Барлығының артында отандық бір-бір мықты бапкер тұр. Максим Раковтың артында жаттықтырушысы болды. Ол жүрмегенде нәтижеге жетпес еді. Елдос Сметовтің қасында көлеңкесі секілді қалмай Ғалымжан Жылгелдиев ағай жүрді. Соның арқасында Елдос осындай жетістікке жетті. Қазір құрамада бір жеке бапкер жоқ.

Жеке жаттықтырушысы қасында жүрмеген спортшы жоғары жетістікке жетуі қиын. Спортшылар ішкі сырын француз мамандарына қалай айтады? Барлығының отбасылық проблемасы бар. Оны құрама бапкеріне емес, жеке жаттықтырушысына айтады. Жеке бапкер – спортшы мен құраманың бас жаттықтырушысының арасындағы көпір. Федерацияның соны түсінбегені қынжылтады. Бізді қуып жіберді десек те, артық айтқаным емес.

Чемпион бала эгоист болу керек. Сондай спортшының қасында осындай принциптегі бапкер жүруі тиіс. Бәріне бірдей қараймыз деген балабақша емес қой. Әрбір жұлдыздың артында бір бапкер тұруы тиіс.

Олимпиаданың, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Тедди Ринерді білесіздер. Оны қасында жеке бапкері ешқашан қалған емес. Егер Тедди осындай 7-8 маманның қасына қоя салса не болар еді? Мынандай нәтижеге жетер ме еді?

Елдос Сметов өте талантты балуан, оған Алла дарын әбден үйіп төгіп берген. Бірақ осындай белестерді бағындыруына жалғыз өзі емес, бапкерінің де қосқан үлесі зор. Елдоспен бәсекелес болғандардың көбісі орта жолда қалып кеткенін білесіздер. Өйткені олардың жеке бапкерлері жарыстарға бірге барған жоқ, құрамада жүрмеді деп ойлаймын. Егер Сметовті де бапкерінен ажыратқанда осындай нәтижеге жетуі мүмкін бе еді?

–  Әңгімеңізге рахмет! Шәкірттеріңізге сәттілік тілейміз!         

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам