Биыл Парижде өтетін Олимпиада ойындарында күрес түрлерінен еліміздің екі төрешісі қызмет ететін болды
Қазақстанда спортшылар мен бапкерлер мәселесі жиі қозғалады. Олимпиадаға кімдердің баратыны, қандай медаль алатыны үнемі талқыда. Бірақ спортта тағы бір маңызды маман бар – ол төреші. Биылғы Париж олимпиадасына күрес түрлерінен тұңғыш рет екі төреші қазылық етеді. Осы орайда халықаралық дәрежедегі төреші Ерік Жұмабековтен ойындарға даярлығы, отандық төрешілердің жалақысы жайлы сұрадық.
– Ерік аға, Париж олимпиадасының ойындарына аз уақыт қалды. Сіз күрес түрлерінен төрелік ететін қазақстандық екі маманның бірісіз. Дайындық қалай жүріп жатыр?
– Дайындық ойдағыдай. Бұйыртса, алдағы аптада Грекияға барамыз. Сол жақта даярлық жұмыстары жалғасады. Олимпиадаға бармайтын құрама мүшелері Мадридтегі жарыста бақ сынап жатыр.
– Олимпиада ойындарына іріктеу қалай жүріп еді?
– Парижге іріктеу екі кезеңге созылды. Алғашқысы былтыр Астанада өткен Азия чемпионаты болса, соңғысы Белградтағы әлем чемпионаты. Сербияда әлем мамандары жасыл, сары және қызыл түсті санатқа жіктелген. Игорь екеуміз сол кезде жасыл категорияға кіргенбіз. Ал биыл Бішкек пен Ыстанбұлдағы іріктеу турнирінде де жұмыс істеп, тағы сыннан өттік. Түркияға 70 маман шақырту алды. Парижге баратын нұсқаушылармен қоса есептегенде 50 төреші осының арасынан анықталды. Биыл Олимпиада ойындарында алғаш рет елімізден екі адам барып, кілемде қазылық етеді. Алда дәл осылай нұсқаушылар да қосылып барып жатсақ, біздің балуандарға зор көмек болмақ.
– Спортшылар ұпай арқылы, лицензия арқылы іріктеледі. Ал төрешілер Олимпиадаға қалай іріктеледі?
– Критерийлер жеткілікті. Төрешінің жұмысын арнайы комиссия бақылап отырады, жұмыстың барлығы видеотаспаға жазылады. Ол жерде әрбір ережеге, қателіктерге, әділетті өткеніне – барлығына мұқият баға беріледі. Одан қалды сенің психологиялық тұрғыда өз-өзіңді ұстауың да ескеріледі. Грек-рим немесе еркін күресте есеп ашылмай жатса, актив тайм немесе пассив тайм берілуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, комиссия әрбір ісіңе, сөзіңе қарайды. Сол арқылы алдағы жарыстарға бару-бармауың шешіледі.
– Биыл Олимпиада ойындарында елімізден тұңғыш рет екі төреші жұмыс істейді. Игорь Лигайдың бұған дейін Токиода жұмыс істегенін білеміз. Бұл тәжірибесі туралы не айтып еді?
– Игорь екеуміздің төреші болғанымызға көп жыл болды. Негізі Игорь менің шәкіртім. Үнемі бір-бірімізге ақыл-кеңес айтып, көмектесіп жүреміз.
Кезінде халықаралық төреші болып жүргенімде, Игорь ұлттық дәрежедегі төреші еді. Шымкент қаласында барғанымда, менен видеожазбаларды сұрап, бәрін түсіндіріп беруімді өтінді. Сол кезде оған «қазақ, орыс тілдерінде емес, ағылшын тілінде берейін, өзің аударып ал, төрешіге ағылшын тілі керек» дедім. Төрешілердің арасында дәл осы Игорьдің қызығушылығы жоғары болды, үнемі ізденіп жүретін. Біртін-біртін өсіп жарыстарда тәжірибе жинады. Алдымен жасөспірімдер арасындағы олимпиададан бастаған. Кейін Азия, әлем чемпионаттарында жұмыс істеді.
Жалпы, елімізде білікті төрешілер көп. Федерацияның көмегімен көптеген семинар өткізіліп, ағылшын тіліндеге кітаптар аударылып, оларды бапкерлерге мен төрешілерге таратып жүрміз.
Олимпиадаға келер болсақ, төрешілерге де спортшылар сияқты бақ керек. Токио олимпиадасына Игорь екеуміз қатар дайындалып жатқанбыз. Кім білсін, бір жерде сүріндім бе, әлде бақ жетіспеді ме, Токиоға Игорь өзі кетті. Биыл бірінші рет Қазақстанның атынан төрешілікке екеуміз бірдей жолдама алып жатырмыз.
– Төрешілер арасында «Алтын ысқырық» деген марапат бар, үздіктерге ғана беріледі. Соны алуға мүмкіндік қалай?
– Бұл марапатты алу үшін әлем чемпионаттарына көп қатысу керек. Бұл марапат тек екі жарыста: әлем чемпионатында және Олимпиада ойындарында беріледі. Бұрын екі адамға берілсе, қазіргі таңда үш адам алады. Әдетте біреуін әйел адамға берсе, қалған екеуін ер адамдарға үлестіреді. Біздегі «Алтын ысқырық» спортшылардың әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында топ жарғанымен тең.
– Әдетте спортшылар мен бапкерлердің еңбегінің қалай еленетінін ғана айтамыз да, төрешілер жұмысы назардан тыс қалып жатады. Қазақстанда төрешілерді қолдау жағы қалай?
– Төреші деген мамандық бар да, лауазым жоқ. Төрешілердің көбісі не бапкерлікпен, не жеке кәсіппен айналысады. Әдетте басым көпшілігі жарыстарға бару үшін бапкерлікті қатар алып жүруге мәжбүр. Сөйтіп олардың негізгі жұмысы қалып қойып жатады. Төрешілікке ақша да төленбейді, нақтырағы өте аз. Оның өзінде ол күнтізбеге енген немесе халықаралық турнир болуы керек. Сонда күніне 17 мың төлесе, одан ұстап қалатын пайыздары бар, табысын өзіңіз есептей беріңіз. Бапкер болмасаң не басқа салада жұмыс істемесең, жолың, тұратын қонақ үй бар, басқа шығындарың бар – ештеңеге жеткізе алмайсың. Спортшы не бапкерлерге күнделікті шығынын өтесе, төрешілерге ондай қарастырылмаған, берген күйдің өзінде әрқайсысына өтініш жасап, ана кабинеттен мына кабинетке әбден әуре боласың.
Шетелге шықсақ, жолың төленеді, ұшу уақытың 12 сағаттан асқан жағдайда ғана тәулік шығыны өтеледі. Басқа уақытта өз қалтаңнан шығарасың.
Қазір Олимпиада ойындарына спортшыларға арнайы киім тігіліп жатыр, бұл тізімде төрешілер тағы жоқ.
Өзім төрт әлем чемпионатында төрелік еттім, Азия чемпионаттарында жұмыс істедім, сонда ұлттық құрама өкілдеріне толықтай форма берілсе, төрешілерге ол да қарастырылмаған. Төрешілерді тек керек кезде ғана іздейді, шығын шығатын уақытта біз қажет болмай қаламыз. Спортшы ұтса, «ол мықты, еңбегінің жемісін көрді» дейді, ал ұтылса, төреші не қарап отыр деп тағы бізді сынайды. Қазақстан чемпионатының өзінде де сол сынды көп айтады, себебі спортта екі адамның қатар жеңуі мүмкін емес, ұтылған тарап қай кезде де төрешіге наразы.
– Өзіңіз айтпақшы, төрешілерге шағым көп. Кейде орынды, кейде орынсыз болуы мүмкін. Бірақ қателік жасаған төреші қалай жазаланады және оны кім жазалайды?
– Қазақстан біріншілігі жайлы айтсақ, біз арнайы комиссия құрамыз. Төрешілер алқасының төрағасы өзім болғанымен, менен бөлек тағы төрт адам мүше. Солардың арасынан комиссия жасақтаймыз. Бейнежазба бар, шағым түскен жағдайда, телефонға түсірілген нұсқаны емес, екі жақтан түсіріліп тұрған видеоға сарап жасаймыз. Төреші қандай қателік жасады, ол әдейі жасады ма, соның бәрі ескеріледі.
Соңғы уақытта бапкерлер арасында семинарлар өткізіп жатырмыз, өкінішке қарай, бапкерлердің арасында ережелерді дұрыс білмейтіндер көп, орынсыз шағым айтып, төрешілерге жала жаба салатындар да солар. Бізде челлендж деген болады, егер төрешінің шешімімен келіспесең, шағым айтасың. Ел біріншілігінде ғана емес, Азия чемпионаттарында төрешілер соны дұрыс бермей, соның салдарынан шәкірттері бір ұпайдан айырылып қалып жатады. Маңызды сындарда бір ұпайдың шешуші рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Соны дұрыс лақтырмағанда, «қап» деп, біз тілімізді тістеп қаламыз. Сондықтан қазір төрешілермен қатар бапкерлерге арналған семинарлар өткізіп, түрлі кітаптар шығарып жатырмыз.
– Сонда сіздердің шығындарыңызды кім өтеді?
– Олимпиада ойындарында жолымыздың, қонақ үйіміздің шығынын «Біріккен күрес әлемі» халықаралық федерациясы өтеп береді. Ал әлем чемпионаттарында Қазақстанның федерациясы өтейді.
Айтуға да ұят, 2019 жылы әлем чемпионаты өткенде бізге де, шетелдік мамандарға да жейде таратқан, біз әлі күнге дейін сонымен жүрміз. Міне, бес жыл болса да, ұқыпты киюге тура келеді, тек жарыс уақытында киіп, басқа уақытта шешіп қоясың. Аяқ киімді де өзіміз сатып аламыз, төрешілер Nike брендін киюі қажет, тиісінше барлық киімге ақша өз қалтамыздан шығады.
– Олимпиадада жалақы не сыйақы төлеу жағы қалай?
– Өзім бірінші рет бара жатқандықтан, әзірге ештеңе айта алмаймын. Дегенмен Игорьдің сөзіне қарағанда, айлық берген, бірақ тамақ шығыны сол айлықтан ұсталған, сонда өзіңе ештеңе қалмайтын да болып тұр ғой.
– Төрешілер тек тәжірибе жинау үшін жұмыс істей ме, қалай өзі?
– Тәжірибе жинау үшін деуге де келмес, біз күресті жақсы көргеннен ғана жүрміз. Кезінде өзіміз де күрестік, шамасы сол кезде айызымыз қанғанша күресе алмай қалған шығармыз.
2002 жылға дейін бапкер болдым. Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатында екінші орын алған Айбек Еңсеханов менің шәкіртім. Бірақ бапкерлік қызмет атқарғанда сен қосымша жұмыс істей алмайсың, бар ойыңды да, уақытыңды да балаға жұмсайсың, бала-шаға, отбасы дегенді ұмытып, тек жаттығуға көңіл бөлуің керек. Басқа салаға қатар назарың ауды ма, сен бапкер емессің. Сондықтан бапкерліктен кетуге мәжбүр болдым. Бірақ қолымды бір сілтеп кете алмадым. Жарыстарға барып жүрдім, сөйтіп төрешілікке бет бұрдым.
Келіншегім «сен осы ауру адамсың, үйге әкелудің орнына, үйден әкетесің» дейді. Негізі төрешілердің барлығы сол күреспен ауыратындар ғой. Біз де олимпиада алтынын алу деген секілді мақсат қойдық, сол үшін де жарты жолда кетіп қала алмайсың. Бір жағынан, спорттың дамуына аз да болсын үлес қосып, кірпіш болып қалансақ дейміз. Игорь екеуміз әлем чемпионатында жұмыс істегенде, тарихта тұңғыш рет алтын медаль алдық. Ризабек Айтмұхан елімізге алтын сыйлағанда, өзге елдің төрешілері жапа-тармағай құттықтап жатты, сол кезде көз жасымды ұстай алмай қалдым. Бұйыртса, Олимпиада ойындарынан да алтын медальмен оралсақ деген арманмен жүрміз.
– Қазақстанның күрес әлеміндегі абыройы қазір қалай?
– Қазақстанның күрес тарихы тереңде жатыр, әлем, Олимпиада чемпиондары бар. Сонау Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, бертін келе Дәулет Тұрлыхановтар талай аламанда атой салды ғой. Одан кейін де қаншама саңлақ шықты. Сондықтан әлем елдері Қазақстанға құрметпен қарайды. Қазіргі жастардың да сол ағаларының жетістіктерін қайталауға шамасы жетеді, тек өз-өздеріне сенсе болғаны.
Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарындағы айырмашылық үлкен, әлем біріншілігіне қатысушылар саны көп, ал Олимпиадада 16 саңлақ жүлдеге таласуы мүмкін. Тиісінше кейде екі жекпе-жек өткізіп-ақ финалға өте аласың. Бұл да үлкен баққа, психологиялық даярлыққа және балуанның өзіне байланысты.
– Балуандарымызға қатысты қандай болжам айтасыз? Қанша медаль, қандай медаль болуы мүмкін?
– Баратын балалардың барлығында жүлдеге таласуға мүмкіндік мол. Төрешілерге Қазақстан чемпионаттарында ең мықтылар ғана ұтуы керек, ертең шетелдегі жарыстарға қатысқанда, қызарып отырмау үшін үздіктерді ғана іріктеуіміз қажет деп айтып отырамын. Спортшы мен бапкердің талай жылғы еңбегін еш етпеуіміз, олардың жүріп өткен жолы мен қиындықтарын сезінуіміз қажет деймін. Мықтылар іріктелгенде ғана басымызды тік ұстап, ел намысын асқақтататын саңлақтармен мақтанып отырамыз.
97 келіде, 77 келіде, грек-рим күресінде 60 келідегі балуандарға артылар үміт зор. Қай салмақта алсаң да, бәрі мықты.