Қыздар мен ерлер боксы теңеседі. Еркекшора бокшылар. Ұлттық құрамадағы интирига

Боксқа қаражат өте көп бөлінді, үш медальдан көп алуымыз керек – Тұрсынғали Еділов

10.06.2024, 15:46

Ол Сәкен Бибосынов пен Асланбек Шымбергеновтен үміт күтетінін жасырмады

Боксқа қаражат өте көп бөлінді, үш медальдан көп алуымыз керек – Тұрсынғали Еділов
meta-ratings.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов 1997-2001 жылдар аралығында еліміздің ұлттық құрамасының тізгінін ұстады. Білікті бапкердің тұсында отандық былғары қолғап шеберлері орасан зор табысқа қол жеткізді. Осы ретте тәжірибелі маманнан алдағы Париж Олимпиадасына қатысты пікірін сұраған едік.

– Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасында бір алтын, бір күміс және бір қола медаль алуды көздейтінін айтқан болатын. Бұл қаншалықты мүмкін?

– Мүмкіндігіміз бұдан да жоғары деп ойлаймын. Қаншама қаражат бөлініп жатқанын көріп отырсыздар. Қаншама клуб қолдау көрсетіп отырғанда, жеті салмақта үш медальмен шектелу аздау.

– Токио Олимпиадасының алдында жігіттер Азия чемпионатына қатысып, шаршап қалды деп едіңіз. Бұл жолы қандай кеңес бересіз?

– Оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр, турнирлерге қатысты. Дайындықтары жақсы деп ойлаймын. Негізгі қарсыластары да белгілі. Бастысы – көздегі от керек. Жеңіске жету деген мақсатпен апару қажет.

– Таиландта өткен іріктеу турнирінде Мұхамедсабыр Базарбайұлы 63,5 келіде соңғы лицензияға қол жеткізді. Бұл жігіттің барғаны қаншалықты дұрыс?

– Жақсылап дайындалса, медаль алуға болады.

– Кімдерден жүлде күтесіз?

– Бәрінен күту керек. Ешкім турист болып бармайды ғой. Сондықтан ешкімді бөліп-жарып атаған дұрыс емес. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, кімнің жұлдызы жанатынын көреміз. Қиын болады.

– Өзіңіз кімді фаворит санайсыз?

– Сәкен Бибосыновтың мүмкіндігі бар. Асланбек Шымбергеновтің де әлеуеті зор жігіт. 

– Сәкеннің салмағында өзбекстандық Хасанбой Дусматов бар, бұған дейін екі рет ұтылды, психологиялық тұрғыда қиын сияқты...

– Мұндай кезде ол да жанып кетуі мүмкін, оның үстіне өзбектің де жасы келіп қалды. Біздің боксшыларға психологиялық кедергілерді алып тастау керек, сонымен жұмыс істеу қажет. Қарсыластар да адам ғой, олар да түрлі сынақтан, жауапкершіліктен өтеді. Сәкен жақсы боксшы. Айбек пен Нұрбек Оралбайлар бар. Ауыр салмақта кубалық Ла Круз бар.

– Қамшыбек Қоңқабаев Баходир Жалоловты жеңуге психологиялық тұрғыда шамасы жетпей ме, әлде физикалық даярлығы келмей ме?

– Ол таза психология. Физика деуге келмейді. Ол өз-өзіне сенбей тұр, әйтпесе мүмкіндігі бар. Талай оқу-жаттығу жиындарын, жарыстарды өткізді. Кейбір раундтарда ұтып жатып ұтылып қалады. Бұл жерде сенімділіктің жетіспеуі кедергі. Ташкентте де ұтуға шамасы жететін. Сол сенім жетіспей тұр.

– Кей мамандар Махмұд Сабырхан 57 келіге ауысқан соң жылдамдығын жоғалтты деп жатыр...

– Онымен келіспеймін. Жылдамдығы жетеді, тек бұлшықет жетпей жатыр, ол байқалады. Ол асығыстық танытып жатыр. Тезірек ұтамын деп өз-өзіне кедергі келтіреді. Бұл да психологиялық мәселе. Таңдап шабуыл жасау керек, күшті бекер сарп етудің қажеті жоқ. Сол жағын реттесе, оның мүмкіндігі жақсы.

– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам