Боксқа анам алып келді. Кумирім жоқ. Назым Қызайбайды әпкемдей сыйлаймын – Виктория Графеева

25.03.2025, 14:55

Әлем чемпионатынан кейін бірден залға келіп, жаттығуды бастап кеттім дейді танымал боксшы

Боксқа анам алып келді. Кумирім жоқ. Назым Қызайбайды әпкемдей сыйлаймын – Виктория Графеева
Қазақстан бокс федерациясы

Жуырда ғана Сербияда аяқталған бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте екінші орын алып, тарихымыздағы ең үздік нәтижелердің бірін көрсетті. Қаракөз қыздарымыз 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған.

Осы біріншілікте жанкүйерлердің ерешке көзіне түскен боксшылардың бірі – Виктория Графеева. 

60 келіде күміс жүлдегер атанған Виктория бұрын жеңілатлет болған. Боксқа бірнеше жыл бұрын ғана келіп, Азия чемпионы, артынша әлем чемпионатының жүлдегері атанып отыр. Қазақ тілінде еркін сөйлейді.

Біз Викторияның өзімен сұхбаттасып, Әлем чемпионатына жасаған жорығы, командадағы өзге боксшылармен қарым-қатынасы және жоспары туралы сұрап білдік.

– Виктория, әлем чемпионатының жүлдесі құтты болсын! Финалдық жекпе-жектен кейін сұхбат беріп, өкініп тұрғаныңызды айттыңыз. Десе де, күміс жүлде – өте жоғары жетістік. Өкінішіңіз басылды ма, қазір қандай сезімдесіз?

– Көп рақмет! Иә, финалдық жекпе-жек өте қиын болды. Әлі де чемпион болмағаным үшін қатты өкінемін. Дей тұрғанмен, күміс жүлдеге қол жеткізгенім үшін өте қуаныштымын. Бұл – менің еңбегімнің жемісі.

Карьерамдағы алғашқы әлем чемпионатым болғандықтан, қатты қобалжыдым. Спорт – психологиялық тұрғыдан салмағы ауыр. Тек физикалық қана емес психология жағынан да мықты болуың қажет. Себебі спортта спортшыны эмоция билеп кетуге болмайды. 

Енді алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға бар күш жігерімді саламын. Тек құр сөзбен ғана емес, іс жүзінде әрекет етіп еңбек етсем, күндердің бір күні барлық шыңдарды бағындыратыныма сенімім мол.

– Әлем чемпионаты әділ өтті ме? Төрешілердің шешіміне наразы боксшыларды көрдік. Сіз жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне қандай баға бересіз?

– Төрешілердің шешімі күмән тудырған сәттер болды. Жекпе-жектен кейін рефери кімнің қолын көтереді – сол боксшы жеңді деп есептеледі. Төрешілердің шешіміне келіспей шағым түсіргеннің өзінде пайда жоқ, себебі шешім өзгеріссіз қалады. 

Ал, жалпы, осы әлем чемпионатының ұйымдастырылу деңгейі жоғары болды. 

– Финалдағы жеңіліс өз қателігімнен болды дедіңіз. Не кедергі болды жеңуге? Жекпе-жектен кейін бапкеріңізбен отырып анализ жасаған боларсыз…

– Бапкеріммен бірге анализ жасап, егжей-тегжей талқыладық. Маған  шешуші сәтте мінез жетіспеді. Сондай-ақ, батыл әрекеттер жасауым қажет еді. Осы жіберген қателіктерімді келесі жарыстарда қайталамауға барынша жұмыс істеймін. Мен дайындықты қазірдің өзінде бастап кеттім. Бұл маған үлкен сабақ әрі тәжірибе болды. 

– Азия чемпионатында жеңімпаз атанғаннан кейін араға көп уақыт салмай әлем чемпионатына дайындалдыңыз. Дайындық ойдағыдай өтті ме? Психологиялық тұрғыдан қиындықтар болмады ма?

– Әлем чемпионатына дайындық қызу өтті, әрі уақыт жағынан тығыз болды. Өзімді көбіне психологиялық тұрғыдан дайындадым. Себебі жоғарыда айтқанымдай, спортта әр жарыс жүйкеге ауқымды көлемде салмақ салады. Стресске түспеу үшін көңіл күйімді үнемі бақылауда ұстауға тырысамын. Алға қойған нақты мақсатым бар. Сондықтан ұсақ-түйекке бас қатырып отырмаймын.

– Сіз боксты 17 жастан бастапсыз. Бұл тым кеш емес пе? Әдетте 10-11 жастан бастайды ғой бұл спортты. 

– 17 жасымда боксқа келдім. Иә, бұл кеш. Бірақ, сен алдыңа нақты мақсат қойып тырыссаң жасың проблема емес. Менің жасым өтіп кетті деу – бос сылтау. Армандап ғана отырмай мақсат қой, жұмыс істе. Адам қаласа бәріне жетеді. Жас маңызды емес.

– Жеңіл атлетиканы тастап неге боксты таңдадыңыз? Мұндай шешім қабылдауға кім әсер етті? 

– Боксқа келуім – менің анамның шешімі. Жеңіл атлетикамен көп уақыт шұғылдандым. Жарақат алған кездерім де болды. Тіпті жеңіл атлетикадан спорт шебері атағына үміткер де болдым. Бір күні, аяқ асты, анам мені боксқа алып барды.

Бокспен айналысамын деп мүлде ойлаған емеспін. Күндердің бір күні бокстан әлем чемпионатына қатысып, еліңнің намысын қорғайсың деп айтса сенбес едім. Мен үшін сол кездерде бокс қыздар мен әйелдерге жат спорт сияқты сезілетін. Уақыт өте боксқа деген қызығушылығым ашылып, шынымен ғашық болдым. 

Осы сәтті пайдаланып ата-анама ерекше алғыс айтқым келеді. Әке, ана, сіздерге көп рақмет!

– Бокстағы кумирыңыз кім және неге ол?

– Мен сізге айтайын, өзіңе кумир жасама. Менің кумирім – Олимпиада чемпионы болған адам. Ал оның есімі – Виктория Графеева. Олимпиада чемпионы болуға дайындалып жатырмын. Мен өзімнің кумиріммін. Ал, өзге ешкімді идеал көрмеймін. 

– Осы әлем чемпионатынан байқағанымыз, ұлттық құрамадағы боксшы қыздардың бәрі бір-бірімен тату, ара-қатынасы өте жақсы көрінді. Шынын айту керек, осыдан бірнеше жыл бұрын қыздардың арасында жиі жанжал шығып тұратын. Қазір не өзгерді: бапкерлердің ауысуы ма, қыздар өзгерді ме, әлде басқа себебі бар ма?

– Расымен де қазір ұлттық құрамада ауызбіршілік өте жақсы. Иә бір кездерде түсініспеушілік болды. Ауызбіршіліктің нығайуына бапкерлер мен командадағы қыздардың жаңаруы да оң әсерін тигізді. Біріншіден, бапкерлердің жаңа әдіс-тәсілі спортшылардың арасында жақсы қарым-қатынас орнатуға көмектесті. Тек тактикамен ғана емес, командалық рухты оятып, бір-бірімізде жақсы түсінісуімізге шақырды. Екіншіден, құраманың жаңаруы жаңа бір серпіліс болды. Бұл шешім командадағы атмосфераға жақсы әсер етті. Барған әр додамызда барлығымызда бір мақсат бар екенін ұғындық. Барлығымызда бір мүдде – ел намысын қорғап, ән ұранымызды шырқату. Осы дүниені ұғыну арқылы біздің арамыз жақындады. Ұжым бірлігінің артуына бапкерлер мен спортшылардың орасан еңбегі пайдасын тигізіп жатыр. Ендеше шаршы алаңда ғана мықты болмай, ұжым болып мықты екенімізді көрсетуіміз керек.

– Команда капитаны Назым Қызайбаймен ара қатынастарыңыз қалай?

– Назым Қызайбай менің үлкен әпкем сияқты. Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері. Ол құрамадағы барлық қызға үлгі. Алуа Балқыбекова да бізге үлгі. Олардың әлем чемпионатында жеңіске жеткеніне өте қуаныштымыз.

– Қазақ тілін жақсы меңгеріп алыпсыз. Ата-анаңыз Қазақ мектебіне берді ме, әлде араласатын орта қазақтілді болды ма?

– Мен Қазақстанда тудым, сол себепті менің ана тілім – қазақ тілі. Мен қазақ мектебіне бармадым. Мүмкін кейде қазақ тілінде қате сөйлейтін шығармын, бірақ барынша жетік әрі таза сөйлеуге тырысамын. Қазақ тілінде сөйлейтін адамдарды әрдайым мұқият тыңдауға тырысамын. Мен соларға қарап қазақ тілін үйренемін. Қазақша дұрыс сөйлемеуім мүмкін, дегенмен өте жақсы түсінемін. 

– Белгілі файтер Қуат Хамитов әлем чемпионатында топ жарқан боксшы қыздарға берілген гонорар көлемі тым аз деп сын айтып жатыр. Сіз 50 мың доллар алдыңыз. Расымен аз ба, әлде қанағат па?

– 50 мың доллар мен үшін жақсы сома. Әрине бұдан көп сома алуға болатын еді. Бұл жерде гонорарға байланып қалған ешнәрсе жоқ. Барлық нәрсе спорттағы жүйеге тікелей байланысты. Бастысы дұрыс қолдау мен мүмкіндіктерге жол ашса, ақша екінші орында.

– Әдетте спортшылар жеңіп алған ақшасын ата-анама беремін деп жатады. Сіз қайда жұмсайсыз?

– Ақшаның бір бөлігін отбасыма беремін. Қалған ақшаны дайындығыма жұмсаймын, құрал-жабдық сатып аламын. Оқуыма төлеймін, керек болса денсаулығымды емдетемін. Спорт тұрақты инвестицияны талап етеді. Денсаулығымды тексертемін. Ақшаның көп бөлігін өзіме жұмсаймын.

– Енді жоспарларыңыз туралы айтып кетсеңіз. Олимпиадаға дейін 3 жыл бар, осы үш жылда не істейсіз, мақсатыңыз қандай? Күйеуге шығып кетпейсіз бе?

– 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қарқынды түрде дайындаламын. Менің ендігі мақсатым – Олимпиада ойындары. Бар күш жігерімді Олимпиадаға жұмсаймын. Әрине, жеке жоспарларым бар. Бірақ, қазір тұрмысқа шығу ойымда жоқ. Сондықтан жеке өмір күте тұрсын. Бокстағы соқпағы көп қиын жолдарды менімен бірге еңсеріп келе жатқан бапкерім Нұрлан Зейнуллиұлына алғысым шексіз.

– Уақыт тауып әңгімелескеніңізге көп рахмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам