Финалға шығуға тәжірибем жетпеді – Зейнеп Баянова

29.03.2025, 12:33

Ол жастар арасында Азия чемпионатын бірнеше рет жеңіп алған еді

Финалға шығуға тәжірибем жетпеді – Зейнеп Баянова
UWW

Иордания астанасы Амманда күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында қыздар күресінен қоржынға бірінші медальды Зейнеп Баянова салған болатын. 53 келіде күрескен қазақ қызы үшінші орын алды. 

Бұл жүлде Қазақстан құрамасы үшін ғана емес, Зейнептің өзіне де өте маңызды болды. Өйткені, дәл осы кезде құрама сапындағы балуан қыздардың бәрі бірінен соң бірі жеңіліп жатқан. Екіншіден, бұл жарыс – Зейнептің ересектер арасында қатысып жатқан алғашқы жарысы. Үшіншіден, Зейнеп медаль үшін болған белдесуде өзінің байырғы қарсыласы, бұрын үш рет жеңілген моңғол қызын жеңіп кетті.

Осы жеңістен кейін Зейнептің өзімен сөйлесудің сәті түсті.

– Зейнеп, Чинболд Отгонтуяад есімді моңғол балуанымен бұған дейін үш рет белдесіп, үшеуінде де жеңіліп қалыпсыз. Бүгін міне, төртінші белдесуде, оның үстіне ең маңызды белдесуде жеңісті жұлып алдыңыз. Белдесу алдында психологиялық тұрғыдан қиын болған шығар? «Жанып кеткен» жоқсыз ба?

– Өте қатты қобалжыдым. Бірақ, бапкерлеріммен ақылдасып, оның осал тұсын таптық. Бір ғана әдіспен тоқтап қалмай, әртүрлі тактикалық әдістер қолдандық. Ол бұған дайын болмаған секілді. Мен дегеніме жеттім.

– Құрамадағы өзге балуан қыздардың барлығы дерлік жеңілді. Оларға не жетіспей жатыр?

– Командадағы қыздардың бәрі өте тәжірибелі, әлсізі жоқ. Ірі дода болған соң, бәлкім аз ғана сенімсіздік әрі қобалжу болған шығар деп ойлаймын.

– Өзіңнің финалға шығуыңа не кедергі болды? Алтынға қол созым жерде тұрдың…

– Шынымды айтайын, тәжірибем жеткен жоқ. Сосын қобалжу да болды. Әлі де көп жұмыс істеу керек екенін көрдік. Осы қателіктерді болдырмаудың жолдарын тауып, келесі Азия чемпионатында міндетті түрде алтын үшін күресемін.

– Лайым солай болғай! Әңгімелесуге уақыт тапқаныңызға рахмет!

Айта кетейік, осы Азия чемпионатында Зейнептен кейін бозкілемге шыққан даңқты балуанымыз Жәмила Бақбергенова чемпион атанды. Ол осымен төртінші рет құрлық чемпионатында жеңімпаз атанып отыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам