
Ол Парижден келгеннен кейін спорттан алыстап қалған
Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев сәуір айының соңында Таиландта өтетін Азия чемпионатына қатыспайтын болды. Мұның себебін даңқты балуан өзінің дайындығымен байланыстырып отыр деп хабарлайды 1bol.kz тілшісі.
Еске салсақ, бір айдай уақыт бұрын еліміздің дзюдо федерациясы Азия біріншілігіне баратын дзюдошылардың тізімін жариялаған. Олардың арасында Ғұсман да бар еді. Алайда, жуырда бірнеше балуанның тізімнен алынып тасталғаны белгілі болды.
Біз мәселенің мән-жайын Қырғызбаевтың өзінен сұрап білдік.
«Иә, жыл басында мен ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Сол уақытта бапкерлердің шешімімен Азия чемпионатына баратындардың тізіміне ендім. Алайда, мен бабыма келмегенімді біліп, бұл жарысқа барудан бас тартып отырмын», - деді Ғұсман Қырғызбаев.
Оның айтуынша, Париж Олимпиадасынан кейін ұзақ уақыт демалып, спорттық бабын жоғалтып алған. Ал, бірер айдағы жаттығулар бұл мәселені шешпейді.
«Олимпиададан кейін 6 ай бойы спорттан алыстап, толықтай демалдым. Сондықтан, санаулы уақытта бабыма кіру қиын болып жатыр», - деді ол.
Айта кетейік, Азия чемпионатына Абиба Әбужақынова, Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар да бармайтын болды. Бастапқы тізімде үшеуі де болған.