
Ресейден алдырған легионер Начын Куулар қатарынан екінші жарысында бірінші белдесуден аса алмай келеді
Амманда өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатында Қазақстан еркін күрес құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Жалпы чемпионат қорытындысы бойынша 119 ұпай еншіліп, үшінші орынға табан тіреді. Бірінші орынға 165 ұпай алған Иран құрамасы ие болды. Ал, екінші орынды 138 ұпаймен Жапония құрамасы еншіледі.
Осы орайда құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысовпен сұхбаттасып, команданың жағдайы мен алдағы жоспарларын сұрап білдік.
— Құраманың Азия чемпионатындағы нәтижесін қалай бағалайсыз?
— Нәтиже жаман емес. Жақсы деуге болады. 1 алтын, 2 күміс және бірнеше қола болады деп жоспарлағанбыз. Көріп тұрғаныңыздай қойған жоспарымызды орындадық.
— Азия чемпионатында күрескен балуандардың артықшылығы мен кемшіліктерін байқадыңыз ба?
— Біраз жігіт өз салмағынан жоғары салмақта күресті. Соған қарамастан, жақсы нәтижеге жетті. Нақтырақ айтсақ, Болат Сақаев 79-дан 86 келіге ауысып, финалға дейін жетті. Ал, Азамат 92 келіге күресіп, қола медаль алды. Бұл балуандар жаңа салмаққа бейімделіп үйренбеді. Соған қарамастан, медаль алып отыр. Алдағы уақытта олар әлем чемпионатына салмағын түсіріп, өз салмағында күреседі.
— Легионер Начын Куулар туралы не айтасыз? Екі жарыс қатарынан алғашқы айналымда жеңілді.
— Начын негізі 65 келінің балуаны. 70 келіге жарамайды. Азия чемпионаты мен Албаниядағы рейтингтік турнирде 70 келіде күресті. Бұл салмақта ол физикалық тұрғыда әлсіздеу. Кейінгі ішкі іріктеуде 65 келіде күреседі. Іріктеуден мықтылығын дәлелдесе құрамада бірінші нөмер болып қала береді.
— Ризабек пен Иошиданың белдесуі туралы пікіріңізді білгіміз келеді…
— Ризабекте тобығында жарақаты болды. Сол себепті дайындығы жақсы болмады. Толық дайындықпен бармады деуге болады. Дегенмен, жақсы күрес көрсетті. Финалда дайындығының нашар болу себебінен жеңілді. Оның үстіне, 97 келіге физикасы да аздау. Әлі де көп еңбектену керек, салмақ жинау керек.
— Әлем чемпионатына дейін біраз уақыт. Дегенмен кейбір елдер балуандарды осы кезден бастап дайындайды. Сіздерде қалай?
— Әлем чемпионатына дайындық өз уақытымен болады. Әзірге жылдық жоспарға сәйкес оқу-жаттығу жиындары болып жатыр. Әлем чемпионатына іріктеу жарысын мамыр айына жоспарлап отырмыз.
— Алдағы жалпы жоспар қандай?
— Жігіттерді бір демалтырып аламыз. Содан кейін Кавказға оқу-жаттығуға бару жоспарда бар. Одан кейін балуандар өз өңірлерінде әлем чемпионатының іріктеу жарысына дайындалады.