Зейнеп Баянова 10 күн ішінде екінші жарысына қатысып, жеңіс тұғырына көтерілді

06.04.2025, 12:40

Ол жуырда ересектер арасында да республика біріншілігіне қатысуды жоспарлап отыр

Зейнеп Баянова 10 күн ішінде екінші жарысына қатысып, жеңіс тұғырына көтерілді
UWW

Жуырда ғана күрес түрлерінен Иорданияда өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған Зейнеп Баянова Қарағандыда өтіп жатқан ел чемпионатында топ жарды. Амманнан келген бойда балуан қыз U23 санатындағы республика біріншілігінде бағын сынап көрді. Жай ғана қатысқан жоқ, 53 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

Айта кетейік, Азия чемпионаты – Зейнеп үшін ересектер арасында қатысқан алғашқы ірі жарысы. 1bol.kz тілшісіне сұхбат берген балуан қыз жастар мен ересектер күресіндегі айырмашылықты, Қазақстандағы бәсекелестік, спорттағы кумирі жайында айтып берді.

— Өткен жолы Азия чемпионатына қатысып, қола медаль алдың. Ол – ересектер арасындағы алғашқы жарысың. Енді міне жастар арасында (U23)  ел чемпионы болып отырсың. Екі санаттың айырмашылығы бар ма? 

— Ересектер күресі біраз қиындау. Азия чемпионаты менің ересектер арасындағы алғашқы жарысым болды. Қиын екен деп тұрмай, қалағаныма қол жеткіздім. Ел чемпионатына келетін болсақ, жасы өзім сияқты қыздармен күрестім. Аса бір қиындық болған жоқ.

— Екі жарыстың арасы өте жақын болды. Салмақ жағы қалай, бір салмақты ұстап тұру қиындық тудырды ма? 

— Жоқ, аса қиын болмады. Өз салмағым болған соң салмақ қумадым. Барлығы жақсы өтті.

— Бұрын 55 келіде күресіп жүрдің. Білуімізше былтыр ғана 53 келіге ауыстың. Нақты қай салмақ ыңғайлы? Алдағы уақытта қай салмақта қаласың? 

— Иә, бұрын 55 және 57 кг салмақтарда күресіп көрген болатынмын. Негізі 53 келі Олимпиадалық салмақ болғандықтан өте қиын салмақтардын бірі болып есепетеледі. Салмағымның өспеуіне байланысты осы салмақта күресіп жүрмін. Алдағы уақытта осы салмақта қаламын. Мамыр айында өтетін ересектер арасындағы ел біріншілігіне де осы салмақта қатысамын.

— Сенің салмағыңда Қазақстанда бәсекелестер көп. Марина Седнова, Аяжан Марқашева т.б қыздар бар. Сол қарсыластарың туралы айтсаң. 

 — Осы 53 келіде бәсекелестер елде көп болатын. Өте қыздар болған. Олар жоғары салмақта күресуге шешім қабылдады. Бірақ, қазір де бәсекелестік жақсы, жастар көптеп шығып жатыр.

— Құрамадағы атмосфера, ауызбіршілік қандай? Бас бапкер Қайрат Сағадиевтің құрамадағы жұмысын қалай бағалайсың? 

— Мен көбінесе жеке бапкерім Мұсабек Нарегеевпен дайындаламын. Оқу-жаттығу жиындарында бас бапкер білген ақыл кеңестерін айтады. Жарыс алдында да. Ұлттық құрамамен бірге жүргеніме біраз жыл болды. Барлығы өте жақсы.

— Бір сөзінде кумирім Жәмила Бақбергенова деп едің. Әлі солай ма?

— Иә, кумирім – Жәмила Бақбергенова. Жәмила әпкеміздің әр жеңісі маған мотивация. Әпкеміздің жолымен жүріп, жетістіктеріне жету үшін еңбектеніп келемін.

– Уақыт тауып әңгімелескеніңе рахмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам