
Елеусінов UFC президенті Дана Уайтпен бірлескен жаңа жобасы туралы айтып берді
Рио Олимпиадасының чемпионы, қазіргі кезде кәсіпқой бокста жүрген Данияр Елеусінов (12-0, 7 КО) ұзақ үзілістен кейін АҚШ-тағы рингке қайта оралды. Бұл оның соңғы 4 жыл 8 ай ішіндегі Америкадағы алғашқы жекпе-жегі. Данияр бұған дейін тура бір жыл бұрын Алматыда жұдырықтасқан еді. Дәл осы АҚШ-тағы жекпе-жектен кейін боксшы түрлі сынның астына қалды. Жанкүйерлердің көкейіндегі сұрақтарға жауап алу үшін спортшының өзіне хабарласып сұхбаттастық.
Елеусінов әңгіме барысында UFC президенті Дана Уайтпен бірлесіп қолға алып жатқан жаңа жобасы туралы да айтып берді.
– Данияр, кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіңізбен құттықтаймыз! Алайда бұл жекпе-жекке қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі бұл кездесу сіздің кәсіби мансабыңызға елеулі пайда әкелмеді деп есептейді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Сын әрқашан айтылады. Бірақ мен үшін рингке көтерілген әрбір сәт – өте маңызды. Әр жекпе-жек менің мансабымның алға ілгерілеуіне зор септігін тигізеді. Бір жылдан астам уақыт шаршы алаңға шықпай қалсаң, түрлі сайттарда «белсенді емес» деп жариялайды. Сол себепті BoxRec-тағы рейтингімізді жақсарту мақсатында жекпе-жек өткіздік. Сонымен қатар, өз бабым мен дайындығымды пысықтап алдым. Әр жекпе-жектің алдында қобалжу болады. Шаршы алаңға шығып, жұдырықтасу – бұл мүлде басқа дүние. Қаншалықты сын айтылса да, оны үлкен сынақтарға дайындықтың бір жолы деп қабылдаған дұрыс. Себебі біз біраз уақыт рингке шықпадық. Енді қыркүйек айында кезекті жекпе-жек өткіземін. Келер жылдан бастап MMA-дағы UFC сияқты жаңа промоушн Zuffa басталады. Ол жақтағы кездесулер оңай болмайды. Қазіргі өткізіп жатқан айқастарым – сол үлкен жекпе-жектерге дайындықтың бір бөлігі.
– Сонымен қатар, бұл бокс кешінің тікелей трансляциясы болмағаны және жалпы ұйымдастырылу деңгейінің өте төмен болғаны да айтылды. Бұл жағдай туралы сізге алдын ала ескертілді ме? Қателік нақты қай тұстан кетті деп ойлайсыз?
– Бұл жекпе-жекті ұйымдастырған – менің промоутерім емес. Қазіргі уақытта оның міндеті –жаңа промоушн ресми түрде ашылғанға дейін бізді жекпе-жектерге шығарып, гонорарымызды қамтамасыз ету. Ол тек келесі жылы басталатын жаңа жобаны күтіп отыр. Ал бұл жекпе-жек жергілікті промоушнның өз мүмкіндігінше ұйымдастырған іс-шарасы. Осы тараптан кеткен кемшіліктерге біздің еш қатысымыз жоқ. Біз тек мансабымызды ілгерлету мақсатында және нәтижемді жақсарту үшін рингке қөтеріліп, жекпе-жек өткіздік. Бұл жекпе-жектер түсірілді. Жергілікті телеарналардан көрсетілді.
– Менеджеріңіз Зия Алиев «Иван Дычконы Сауль «Канело» Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы жекпе-жектің кардына шығаруды жоспарлап отырмыз» деп мәлімдеді. Бұл қаншалықты рас ақпарат? Сізге мұндай ұсыныс түскен жоқ па?
– Шынымды айтсам Зияның не айтқанын нақты білмедім. Бірақ «Канело мен Теренс Кроуфордының андеркардына (Undercard) қоямыз» деген сыбыс болды. Екеуінің айқасы біздің қыркүйекте ұйымдастырғалы отырған жекпе-жегімізге тұспа-тұс келіп тұр. Олармен бірге шаршы алаңға шықсақ керемет болар еді. Мен әзірге анық-қанығын білмеймін. Сол кеште шығамыз ба, нақты хабарым жоқ. Ол жағы қашан нақты анықталатыны белгісіз. Менің бір білетін дүнием, жаңа жобамыз келесі жылы қаңтар айынан басталады. Бұған қоса, бұл – жеке промоушнмен қатар, Дана Уайт пен жоғарыда атап өткен компаниямен бірлесіп жүзеге асырылатын ауқымды жоба болмақ.
– Бұған дейін проумоутеріңізбен, менеджеріңізбен құқықтық проблемалар болғанын білеміз. Қазір бәрі шешілді деп айттыңыз. Енді басқа промоутерлерден ұсыныс түсіп жатқан жоқ па?
– Біз әлгі кикілжіңді өзара шешіп алдық. Қазіргі уақытта мен Харис Уитмон есімді промоутермен жұмыс істеп жатырмын. Ол – Zuffa жобасын бастаған адам. Бұл жоба бокста TKO Group Holdings промоушнымен бірлесіп жүзеге асырылуда және ММА-дағы UFC сияқты ауқымды құрылым болмақ. Жобаға Дана Уайт пен менің менеджерім Харис Уитмон тікелей қатысады. Ал қазіргі өткізіліп жатқан жекпе-жектеріміз – осы жобаға дайындықтың бір бөлігі. Біз тек формадан шықпау үшін және үздіксіз жаттығу мақсатында рингке шығып жүрміз.
– Сіздің кәсіби бокста абсолютті әлем чемпионы болуды мақсат етіп отырғаныңызды білеміз. Алайда бұл жолға күмәнмен қарайтын жанкүйерлер де бар. Тіпті кейбірі төрт белбеудің бірін иеленудің өзі қиын дейді. Мұндай пікірлерге не айтасыз?
– Менің Zuffa жобасына өткен себебім – ол жерде UFC-дағы сияқты бір ғана белбеу яғни бір чемпион болады. Яғни, кім мықты сол чемпион болады. Сондай-ақ деңгей жоғары болмақ. Нағыз кіл мықтылар жұдырықтасады. Расы керек, мен сол жобаны асыға күтіп отырмын. Осы жылы қыркүйек айында бір жекпе-жек өткіземіз. Одан кейін жаңа жобаға кірісе бастаймыз.
– Енді әуесқой боксқа оралайықшы. Сізден кейін Олимпиада алтынын алған қазақ боксшысы жоқ. Бұл сәтсіздік пе, дайындықтың төмендігі ме, әлде боксшыларымыз жиі айтатындай жай ғана «Алланың қалауы ма»?
– Иә, екі Олимпиада қатарынан бокстан Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Бұндай тоқырау кезеңі әр мемлекеттің құрамасында болады. Мысалы, Куба, Ресей тағы басқа елдерде де бір жылдары Олимпиада алтынынсыз қалған жағдай болған. 2008 жылғы Олимпиада ойындарында кубалықтар алтын жүлдеге қол жеткізе алмады. Қазақстанда да дәл сондай жағдай. Себебі 2012, 2016 жылдардағы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама боксшылары мықты болды. Серік Сапиев, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Василий Левит және мен «Сен тұр мен атайын» деген мықты боксшылар жиналдық. Осы боксшылардың барлығы жүлде алып келетін. Бұл спортшылардың барлығы 2 олимпиадаға қатысты. Енді осы боксшылар кеткеннен кейін кішкене тоқырау болып жатыр. Бұл – әр елдің құрамасында болатын мәселе. Енді жастар жақсы тәжірибе жинап, шыңдалып, жоғарғы деңгейге жеткенге дейін уақыт керек. Сол уақыт 2028 жылға тура келеді деп ойлаймын. 2028 жылы Олимпиада алтынын күтеміз.
– Жас боксшылардан кімдерден көп үміт күтесіз? Кімнің бокстасу стилі ұнайды?
– Мықты жас боксшылар өте көп. Санжар Тәшкенбай, ағайынды Сабырхандар, Оралбай және өзімнің жерлесім Даниял Сабит сияқты спортшылардан зор үміт күтемін. Ешқайсысын бөліп жарғым келмейді. Сонымен қатар Сабыржан Аққалықов пен Абылайхан Жүсіповтерге сеніміміз мол.
– Әлеуметтік желіде ұлыңызбен видеоңызды жиі салып тұрасыз. Егер болашақта балаларыңыз бокспен кәсіби түрде айналысқысы келсе, сіз бұған қалай қарайсыз?
– Балаларым кәсіби бокспен айналысамын десе беттерін қақпаймын. Дегенмен қандай кедергі мен қиындықтар бетпе-бет келетінін, темірдей тәртіпті талап ететін барынша түсіндіруге тырысамын. Тіпті жеке өмір мен балалық шақтың шектеулі болатынын да ашық айтып жеткіземін. Бокс ол – хобби емес, тұтас бір өмір. Спорттық мансабың қысқа болса да, бокспен бір айналысқан адам ешқашан боксты тастап кетпейді. Әуел бастан осы саланы таңдаған кез келген адам бокстың төңірегінен алшақтап кете алмайды.
– Данияр Елеусінов карьерасын аяқтаған соң немен айналысуды қалайды? Әке жолын қуып бапкер боласыз ба, әлде басқа салаға кеткіңіз келе ме?
– Балаларым әке жолын қуып, бокспен айналысамын десе, әрине, жандарынан табыламын. Бірақ қазір ондай алысқа қарап жатқан жоқпын. Кәсіпқой бокстағы мақсатымды орындағым келеді. Ал балаларымның беделді, абыройлы азамат болғандарын қалаймын. Солар үшін мен қазір тынбай еңбектенуім қажет. Олар да барынша дамып жатыр. Ұлдарым қандай мамандық таңдаса да, биік белесті бағындырса қуанамын. Менің мақсатым – тек ғана бокс, балаларымды ұясына да, қиясына да жеткізіп, тұлға ретінде қалыптастыру басты армандарымның бірі.