Оқырманның махаббаты. Моншадағы кездесу. Қызқұмар футболистер – ЖБ оқиға

«Анам – Адай руынан». Нидерланды құрамасында жүрген танымал спортшы қазақтың жиені болып шықты

09.09.2025, 11:17

Қазақстан туы бейнеленген киім киіп, қазақ әуенін тыңдаймын.

«Анам – Адай руынан». Нидерланды құрамасында жүрген танымал спортшы қазақтың жиені болып шықты
ФОТО: SportPulse

Жүзуден Нидерланд құрамасының намысын бойында қазақтың қаны бар жігіт қорғайтынын білуші ме едіңіз? Бірнеше рет ел чемпионы атанған 23 жастағы Шон Ниволд сайтымызға сұхбат беріп, өзін қазақ даласымен не байланыстыратынын және жүрегі неліктен Қазақстан деп соғатынын айтты.

Шонның анасы – қазақ, есімі – Эльмира. Болашақ жарымен Атырауға жұмыс бабымен келген кезде танысқан. Дегенмен Шон Нидерландта дүниеге келген. Бүгінде ол 50 және 100 метр қашықтықта еліндегі үздік спортшылардың бірі саналады. Ал 2024 жылы ол Париж олимпиадасында бақ сынап көрді.

– Шон, сіз Нидерланд намысын қорғайсыз, бірақ бойыңызда қазақтың қаны бар екенін де айтып жүрсіз. Сол сөздеріңізбен де көпшіліктің жүрегін жаулап алған секілдісіз...

– Иә, сынға Нидерланд атынан түсемін және мен үшін бұл үлкен мәртебе. Әкем голландиялық, сол себепті ол да менің Отаным. Бірақ менің бойымда қазақтың қаны бар. Мені негізінен анам тәрбиеледі, мінезімді қалыптастырған да сол кісі. Сондықтан өзімді осы екі мәдениеттің өкілімін деп санаймын және сонымен мақтанамын.

– Бір сұхбатыңызда: «Менің жүрегім – қазақ» депсіз. Бұл қандай тұрғыда байқалады?

– Қазақтығым – елімнің тарихына, мәдениетіне деген құрметімнен, дәстүрлерге деген ілтипатымнан көрінсе керек. Қай кезде де Қазақстан туралы, еліміздің кең-байтақ екені жайлы жанымдағыларға айтып мақтанып жүремін. Қазақстан туы бейнеленген киім киіп, қазақ әуенін тыңдаймын.

Анам – кіші жүздің Адай руынан. Ол ата-бабамыздың қайсар мінезді, ержүрек болғанын үнемі айтып отыратын. Бұл да маған мақтаныш сезімін сыйлайды.

– Ал спорттағы қадамыңыз қалай басталып еді? Неліктен таңдауыңыз жүзуге түсті?

– Бала кезімде баскетбол, футбол, теннис секілді спорт түрлерімен айналыстым. Бірақ суға түскенде ерекше еркіндікті сезіндім. Жүзудің жаныма жақын спорт түрі екенін түсіндім. Мұнда сен қарсыласыңмен ғана емес, өзіңмен, әлсіз тұстарыңмен күресесің.

– Карьераңыздың басында кімдерден шабыт алдыңыз, кімді үлгі тұттыңыз?

– Ол кезде кумирім Майкл Фелпс болды. Оның Олимпиададағы жарыстарын көріп отырып «осындай жетістікке жету үшін өзіңді толығымен спортқа арнау керек» деп ойлайтынмын. Фелпстің жүріп өткен жолы өмірде «мүмкін еместің өзі мүмкін» екенін дәлелдеді.

– Анаңыз да спортқа жақын адам екен. Ол кісі сіздің спортшы ретінде қалыптасуыңызға қаншалықты әсер етті?

– Анам фитнеспен айналысады, залға барады, үйде де жаттығу жасайды. Үйде қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Ол «тәртіпке бағынған құл болмас деген» деген қағидамен өмір сүретін адам. «Жетістікке жеткің келсе, еңбектенуің керек» деп айтып отыратын. Сағым сынғандай көрінген сәттерде демеу беріп, жанымнан табылды. Бүгінгі жетістіктерімнің бәрі анамның арқасы.

– Желіде видеоңыз кеңінен тарады. Парақшаңызға жазылып жатқандар арасында қазақстандықтар көп қой деймін?..  

– Иә, сол видеодан кейін парақшама Қазақстаннан көп адам қосылды. Шыны керек, мұндайды күтпеп едім, бірақ өте қуаныштымын. Енді Қазақстанда да қолдаушыларым, жақындарым бар екенін білемін. «Бауырым», «жиен», «немереміз» деп жазып жатқандар көп. Енді жарыс жолына шыққанда, қазақстандық қолдаушыларымның да бар екенін білемін.

– Бұрынғы суреттеріңізден Қазақстан туы бейнеленген бас киіммен шыққаныңызды көрдім. Ол қандай жарыс еді?

– Бұл бірнеше жыл бұрын жасөспірімдер арасында өткен чемпионат болатын. Қазақстан туы бар бас киім киіп шықтым. Себебі Нидерланд атынан сынға түссем де, қазаққа жақындығымды көрсеткім келді. Бұл менің түп-тамырыма деген құрметім.

– Жаттығу, жарыс кезінде Қазақстан туы бейнеленген киім киіп жүргеніңізді де көрдім. Командалас достарыңыз сұрай ма?

– «Бұл қай елдің туы?» деп сұрап жатады. Оларға Қазақстан туралы, мәдениетіміз, ұлттық тағамдар жайлы айтып беремін. Сонан соң өздері қызығушылық танытып, интернеттен іздеп жатады. Өзімді командамдағы Қазақстанның кішкентай «елшісімін» десем де болады. Көшеде «Kazakhstan» деген жазуы бар киіммен жүргенде де, бейтаныс адамдар тоқтатып, «Қазақстан» жайлы сұрап жатады, кейбіреулер қазақ халқының қонақжайлығын еске алады.

– Соңғы рет Қазақстанда қашан болып едіңіз? Елге ат басын бұрып, жастарға шеберлік сабағын өткізу ойыңызда жоқ па?

– Өкінішке қарай, Қазақстанға бармағаныма бірнеше жыл болды. Реті келмей жүр. Кестем өте тығыз: университеттегі оқуым бар, жаттығу, халықаралық жарыстар мен жиындар көп уақыт алады. Бірақ барғым келеді. Алла қаласа, келесі жылы сол арманыма қол жеткіземін деп үміттенемін. Туған-туыстарымды көріп, мәдениетке терең бойлап, жас жүзушілермен тәжірибемді бөлісіп, шеберлік сағаттарын өткізсем деген ниетім бар. Өйткені жаңа буынды шабыттандыру, оларға бағыт беру – өте маңызды іс.

– Қазақтың ұлттық асханасы туралы айтып қалдыңыз. Өзіңіздің ң сүйікті тағамыңыз қайсы? Жалпы, үйде анаңыз дәстүрлі тағамдар әзірлей ме?

– Қазақтың ұлттық тағамдарын өте жақсы көремін. Әсіресе асылған ет, қазы, бауырсақ ерекше ұнайды. Анам ұлттық тағам әзірлегенде, отбасымыздағы атмосфера да өзгеше күйге енеді – үйіміз кәдімгі кішкентай Қазақстанға айналып кеткендей көрінеді. Анам бауырсақты жиі пісіреді, бешбармақ та жасайды. Ал қазы қосылған бешбармақ дастарқанға қойылса, нағыз Қазақстанның дәмін сеземін.
Отбасымызбен бірнеше елде тұрдық. Достарымның өзі әлі күнге дейін анамның бауырсағын ұмытпайды. Олар алғашында бауырсақ деген сөзді айта алмай, «қазақтың наны» деп атайтын, кейіннен атауын дұрыс үйреніп алды.

– Қазақ тілін үйренгіңіз келе ме? Қандай сөздер мен тіркестерді білесіз?

– Иә, қазақ тілін үйренгім келеді. Қазір қарапайым сөздер мен тіркестерді ғана білемін: «Сәлеметсіз бе», «Рахмет», «Қалайсың?», «күшті», «жаман/жақсы», жануарлардың атаулары және тағы басқа. Бірақ Қазақстанға барып, адамдармен көбірек сөйлессем, тілді тез меңгеріп аламын деп ойлаймын.

– Былтыр Париж Олимпиадасында бақ сынадыңыз. Бұл Олимпиада сізге не берді?  

– Париж Олимпиадасы – бала арманымның орындалуы. Әлемнің үздік жүзушілерімен бір қатарда тұрып, бір бассейнде жарысу – үлкен сынақ қана емес, баға жетпес тәжірибе. Олимпиада менің де мықтылардың қатарында екенімді дәлелдеген сәт болды. 13-14 жасымда әлем чемпиондарының өнерін бассейн жағасынан қарап отырсам, енді солардың қасында қатар тұрып, бірге сөреге шықтым.

– Олимпиада кезінде Қазақстан тарапынан қолдау сезіндіңіз бе?

– Париждегі ойындар кезінде Қазақстаннан өте көп хат алдым. Адамдар жылы лебіздерін жазып, құттықтап жатты. Ерекше сезім. Нидерландта ғана емес, Қазақстанда да қолдаушыларымның барын білу үлкен қуаныш. Сондай-ақ Қазақстан құрамасының жүзушілерімен де араласып тұрдық. Әрдайым бір-бірімізге сәттілік тілеп, қолдау көрсетіп отырамыз.

– Бәсекелестік өте жоғары саналатын Нидерландта ұлттық құрамаға іріктеу қалай өтеді?

– Нидерландта бәсеке шынымен де жоғары. Мықты спортшылар өте көп, сондықтан ұлттық құрама сапына ілігу оңай емес. Әрбір стартта нәтиже көрсетуің керек, тұрақты түрде алға жылжып отыруың қажет. Әйтпесе бәсекеге төтеп бере алмайсың.

– Сіздің бойыңыз екі метрден асады. Бұл сіздің басты артықшылығыңыз ба?

– Әрине, бойшаң болған жақсы, ұзын қолдардың көмегі тиеді, жылдамдықты арттыруға ыңғайлы. Бірақ бұрылыстар мен старттарда арнайы техника қажет. Егер бойдың ұзындығын тиімді пайдаланбасаң, кедергі келтіруі мүмкін.

– Нидерландnа жүзу – танымал спорт түрі. Сіздің ойыңызша, Қазақстанда бұл спорттың танымалдылығын арттыру үшін не істеу керек?

– Меніңше, мектеп бағдарламасына бастауыш сыныптардан бастап жүзу сабақтарын енгізу керек. Өйткені спортқа деген махаббат бала кезден қалыптасады. Сабақтарды қызықты әрі тартымды етіп өткізген жөн. Сонымен қатар бассейндер мен білікті бапкерлерге инвестиция салу қажет. Балалар үшін инфрақұрылымдар қолжетімді болса, жүзуге деген ынта да артады.

– Нидерландта жүзу қаншалықты қолжетімді?

– Нидерландта жүзумен айналысу қолжетімді деп айтуға болады. Қалалық бассейндер, спорт мектептері бар, мемлекет спортты қолдайды. Әрине, кәсіби деңгейде шығын көп, бірақ балаларға жақсы жағдай жасалған.

– Егер Қазақстан атынан жарысқа мүмкіндігі туса, ойланар ма едіңіз?

– Қазақстанда қос елдің азаматтығына рұқсат берілмеген. Ал мен Нидерланд азаматымын. Егер Қазақстан атынан өнер көрсетуге мүмкіндік туып, Нидерландпен байланысымды сақтай алсам, онда міндетті түрде оны пайдаланушы едім. Ата-бабамның елін таныстыру – мен үшін үлкен құрмет.

– Қазақстандық спортшылардың арасында кімдермен араласасыз?

– Әділбек Мусин, Софья Сподаренко, Ксения Игнатовамен сөйлесіп тұрамыз, бастапқыда олар менің орысша сөйлей алатынымды біліп, таңғалған. Сосын анамның қазақ екенін айттым. Қарым-қатынасымыз жақсы. Әр жеңісімізге қуанып, бір-бірімізді құттықтап жүреміз.

– Бүгінде спорттағы басты мақсатыңыз қандай?

– Олимпиада алтынын алу. Бұл – менің күн сайын жаттығу жасауыма басты себеп. Сонымен қатар өзімді жетілдіру, жеке рекордтарымды жаңарту, әлемдік рекорд орнату деген секілді мақсаттарым да бар.

– Ал спорттан тыс өмірде нені армандайсыз?

– Әлемді аралап, өз кәсібімді ашқым келеді. Өзгелер секілді мен де отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешуді армандаймын.

 

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам