«Қайрат» 35-позицияда қалды
Астанада Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алтыншы тур аясында алматылық «Қайрат» Пирей қаласының «Олимпиакос» клубын қабылдады.
Кездесу «Астана Аренада» өтіп, ойынға Испаниядан келген Хуан Мартинес бастаған төрешілер құрамасы қазылық етті.
Матчтың алғашқы бөлігі қонақтардың басымдығымен өтті. Грек командасы бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков бірнеше рет сенімді ойын көрсетті. Осылайша алғашқы тайм 0:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда алаңға шыққан Валерий Громыко мен Жоржиньо «Қайраттың» шабуылын жандандырғанымен, соңғы соққылар дәл болмады. Ал 73-минутта «Олимпиакос» шабуылшысы Желсон Мартинш Мехди Таремиден келген пасын голға айналдырып, матчтағы жалғыз әрі шешуші допты енгізді. Ойын соңында алматылықтарды қақпа бағанасы үш рет құтқарғанымен, есеп өзгермеді — 0:1.
Бұл жеңістен кейін «Олимпиакос» турнирлік кестеде 5 ұпай жинап, 26-орынға көтерілді. Ал «Қайрат» 35-позицияда қалды.