Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

Күрес федерациясы әлем чемпионатында жүлде алған балуанды неге елеусіз қалдырды?

20.12.2025, 22:06

Себебі марапатталғандар тізімінде бірқатар балуан болмаған.

Күрес федерациясы әлем чемпионатында жүлде алған балуанды неге елеусіз қалдырды?
instagram.com/kazwrestling_official

Қазақстан күресінде жыл қорытындысы дауға ұласты. Биыл әлем және Азия чемпионаттарында жүлде алған бірқатар балуанның марапаттау тізімінен тыс қалуы жанкүйерлер мен спорт қауымдастығының наразылығын туғызды. Бұл мәселені алғашқылардың бірі болып Азия күрес федерациясының бұрынғы өкілі Дулат Қарыбай көтерді.

19 желтоқсанда Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы 2025 жылғы маусым қорытындысына арналған жиын өткізіп, халықаралық ареналарда табысқа жеткен спортшыларды марапаттады. Алайда осы рәсімде Загребте өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелдінің аты аталған жоқ. Бұл жайт бірден әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Дулат Қарыбай бұл жағдайды ашық сынға алып, федерация басшылығына бірқатар өткір сұрақ қойды.

«Қазақстан күрес федерациясының жаңа басшылығы жиын өткізіп, соңғы жылды жетістікке жеткен балуандарды марапаттапты. Сыйақы табыстап, ордендер берген. Алайда соңғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Асылжан Есенгелді марапат алмақ түгілі жиынға да шақыртылмады!» – деп жазды ол.

Қарыбайдың айтуынша, мәселе бір спортшының ғана тағдырында емес, жалпы бағалау өлшемінде болып отыр.

«Жасөспірім, жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер атанған балуандарға сыйақы бар да, ересектер арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегеріне ештеңе жоқ па? 

Күрес түсінетін адамдар болса, ересектер арасындағы медаль жасөспірім не жастар арасындағы медальдан кез келген жағдайда жоғары тұрады!» – деді ол.

Осы пікірді спорт жанкүйері Анық Көкенайұлы да қолдап, федерация әрекетіне «бөліп-жару» деген баға берді.

«Әлем чемпионатында медаль алған бар-жоғы үшеу ғана. Соның біреуін ұмытып кеткен ба, әлде елеп-ескермеді ме? Күресті білетін, шын жаны ашитын адамдар болса, Асылжанды ескерусіз қалдырмайтын еді. Ұят тірліктері…», – деп жазды ол.

Қоғамдық резонанстан кейін Қазақстан күрес федерациясы ресми түсініктеме беріп, Асылжан Есенгелдінің марапатталғанын, алайда АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынына байланысты іс-шараға қатыса алмағанын мәлімдеді.

«Еркін күрестен ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді федерация тарапынан марапатталған спортшылардың қатарында бар. Ол «Ерен еңбегі үшін» наградасымен марапатталды», – делінген хабарламада.

Алайда спортшының өзі бұл уәжбен келіспейді. Оның айтуынша, ол жиын туралы мүлде хабарсыз болған және федерация тарапынан жеке өзімен ешкім байланысқа шықпаған.

«Жеке өзіме ешкім хабарласпады. Жылдың қорытынды жиынына шақырылған жоқпын. Америкаға кетпей тұрып «жиын бола ма?» деп сұрадым. «Жаңа басшылық, жиын болмайды» деді. Кейін Instagram-нан жүлдегерлерді марапаттап жатқанын көрдім. Еңбегім бағаланбай жатыр деп айтуға болады», – дейді Асылжан Есенгелді.

Федерация мәселені жылы жауып қоюға тырысқанымен, өзге спортшылардың да неге елеусіз қалғаны белгісіз. Ресми жауапта балуандардың қанша сыйақы алғаны туралы мәлімет берілмеген, олардың марапаттарын неліктен жеке бапкерлеріне табыстамағаны да түсініксіз. 

Бұл дауға Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті де араласып, өзге балуандардың да дәл осындай себеппен марапаттау рәсіміне қатыса алмағанын хабарлады. Комитеттің мәліметінше, жасөспірімдер мен жастар арасындағы чемпиондар Бекасыл Асанбек пен Едіге Қасымбек те шетелдегі оқу-жаттығу жиындарында жүр.

«Аталған спортшылар елге оралғаннан кейін өздеріне тиесілі марапаттар салтанатты түрде табысталып, лайықты құрмет көрсетіледі», – деп сендірді Спорт комитеті.

Дегенмен бұл түсіндірмелер қоғамдағы күмәнді толық сейілтті деу қиын. Себебі дау марапаттың өзінен гөрі ақпараттандыру, ашықтық және әділетті бағалау мәселесіне қатысты болып отыр. Әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегерлері маңызды жиыннан бейхабар болуы – федерация жұмысының жүйелілігіне қатысты сұрақ туғызады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам