Ал қарыз көлемі 500 млн теңгеге тең.
Қызылордадағы «Қайсар» футбол клубының жалақы бойынша қарызын кім жабатыны әзірге белгісіз. Облыс басшылығы мен салалық басқарма бұл мәселеде екі түрлі ұстаным білдіріп отыр. Ал ұжымның қарызы 500 млн теңгені құрайды екен.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев клуб футболшыларына жалақы бойынша берешек облыстық бюджет есебінен өтелетінін мәлімдеген болатын.
Оның айтуынша, бұл мақсатта арнайы бюджеттік өтінім берілген.
«Біз «Қайсардың» жалақы бойынша қарызын өтеуге бюджеттік өтінім бердік. Бұл берешек облыстық бюджет есебінен осы жылдың соңына дейін немесе келесі жылы міндетті түрде жабылады», – деді Бахтияр Артаев.
Сонымен қатар басқарма басшысы мердігер ұйымдар алдындағы қарыздарға қатысты мәселе жаңа инвесторлармен талқыланып жатқанын, ал клубтың жекеменшік басқаруға өтуіне байланысты облыс билігінің оның ішкі жұмысына араласа алмайтынын айтты.
«Клуб жеке кәсіпкердің қолына өткеннен кейін, облыс оның қызметіне тікелей араласа алмайды. Жаңа иесінің легионерлер тарту жоспары бар, бұл – оның құқығы. Соған қарамастан, «Қайсар» үздіктер қатарында болуы тиіс деген міндет қойылып отыр», – деді ол.
Алайда бұл мәлімдеме облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың брифинг барысында айтқан сөздерімен үйлеспейді. Аймақ басшысы «Қайсардың» жалақы бойынша қарызын жаңа басқарушы компания өтейтінін нақты айтты.
«Қазір клуб сенімгерлік басқаруға берілді. Жаңа басқарушыға барлық қарызды толық өтеу міндеті жүктелді. Бұл – 2019 жылдан бері жиналып келе жатқан «Қайсар» футбол клубының қарыздары», – деді облыс әкімі.
Нұрлыбек Нәлібаевтың сөзінше, берешек жыл сайын кезең-кезеңімен төленіп келген, ал қазіргі таңда негізгі жалақы қарыздары іс жүзінде жабылған.
«Футболшылармен тұрақты кездесіп тұрамыз. Қазір жалақы мәселесі көп көтерілмейді. Негізінен шетелдік сапарлар кезінде пайда болған қарыздар – қонақүйлер мен шетелдік компаниялар алдындағы міндеттемелер қалып отыр. Барлық сома нақтыланғаннан кейін, кәсіпкер оларды да толық өтейді», – деді аймақ басшысы.
Осылайша, спорт басқармасы жалақы қарызы облыстық бюджеттен өтеледі десе, әкімдік бұл міндет жаңа басқарушыға жүктелгенін алға тартып отыр. Ресми мәлімдемелердегі бұл қайшылық «Қайсардың» нақты қаржылық жауапкершілігі кімнің мойнында екені әлі де ашық күйінде қалып отырғанын көрсетеді.