Оспанов «Қайратпен» келісілген матчтар болуы мүмкін деген пікірлерді түбегейлі жоққа шығарды
«Ақтөбе» футбол клубының жаңа басшысы болып Арман Оспанов тағайындалды.
Бұл шешім оның бұған дейін «Қайрат» клубына қатысты айтқан даулы пікірлерінен кейін қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Жаңа төраға тағайындалуына қатысты пікір білдіріп, алдағы жоспарлары мен «Қайраттың» фан-қозғалысында болған кездері туралы сұрақтарға жауап берді.
Арман Оспановтың айтуынша, клубтың жаңа иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбені» сатып алу туралы шешім қабылдағаннан кейін, тараптар клубты дамыту тұжырымдамасын және Еуропада бәсекеге қабілетті команда қалыптастыру стратегиясын талқылаған. Осыдан кейін Оспановқа клубтың бірінші басшысы болу ұсынылған.
«Мен үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Алдымызға нақты мақсат қойылды: Қазақстан чемпионатын жеңу және «Ақтөбені» еурокубоктардың жалпы кезеңіне, мүмкіндігінше УЕФА Чемпиондар лигасына шығару», – деді ол.
Оспанов ресми тағайындауға дейін-ақ клубтың ішкі жұмыстарына араласқанын атап өтті. Алдымен басқару жүйесіне аудит жүргізіліп, команда жасақтау үдерісіне жаңа қағидаттар енгізілген.
«Біздің міндет – тек қазіргі нәтиже емес, ұзақ жылдарға арналған тұрақты жүйе қалыптастыру. Ақтөбеде талапшыл жанкүйерлер бар, сондықтан салғырттыққа жол жоқ», – деді жаңа басшы.
Арман Оспанов бұрын «Қайраттың» фан-қозғалысында болғанын жасырмайтынын, алайда бұл өткеннің еншісінде қалғанын айтты. Әлеуметтік желідегі бұрынғы жазбаларына қатысты ол сол кезеңдегі эмоциялық жағдайдың әсері болғанын жеткізді.
«Клубты басқару – бұл мамандық. Мұнда жеке симпатияға орын жоқ. Бүгіннен бастап менің жалғыз мүддем – «Ақтөбенің» табысы», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, ол жанкүйерлермен ашық кездесуге дайын екенін мәлімдеді.
Оспанов «Қайратпен» келісілген матчтар болуы мүмкін деген пікірлерді түбегейлі жоққа шығарды.
«Қазір мен үшін бір ғана клуб бар – ол «Ақтөбе». «Қайрат» – біздің принципті қарсыласымыз, біз онымен әрдайым күресеміз», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Арман Оспановтың 2024 жылдың қазанында жазған жазбалары тараған. Онда ол «Ақтөбені» және оның «Қайратпен» бәсекелестігін сынға алған. Дәл осы жазбалар қоғамда үлкен талқыға себеп болды.
Өткен маусымда «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанса, «Ақтөбе» бесінші орынмен шектелген еді.