Ол бұрын алматылық ұжымның фан-клубында болған.
Бүгін «Ақтөбе» футбол клубында өткен баспасөз мәслихатында күтпеген жағдай болды. Клубтың жаңа бас директоры Арман Оспановтың қатысуымен өткен жиынға бір топ жанкүйер баса-көктеп кіріп, наразылықтарын ашық айтты.
Жанкүйерлер Арман Оспановтың әлеуметтік желілерде бұған дейін жазған жазбаларының скриншоттарын ала келген. Аталған жазбаларда жаңа басшының «Ақтөбені» «тарихы жоқ, шағын клуб» деп сипаттағаны көрсетілген. Осы пікірлер жанкүйерлердің наразылығын тудырды.
Арман Оспанов ешқашан «Қайрат» клубының фан-қозғалысында болғанын жасырмағанымен, бұл кезең оның өмірінде артта қалғанын алға тартты.
«Мен бұрын «Қайраттың» фан-қозғалысында болғанымды жасырмаймын. Бірақ бұл – өткен шақ», – деді ол.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі бұрынғы пікірлерінен бас тартпайтынын, алайда олардың сол кездегі жағдайға байланысты айтылғанын түсіндірді.
«Әлеуметтік желідегі жазбаларымнан бас тартпаймын. Бірақ мені қате түсінбеулеріңізді сұраймын. Ол сөздер сол уақыттағы жағдайға ғана қатысты айтылған», – деп атап өтті Оспанов.
Сонымен қатар ол «Ақтөбенің» Қазақстан футболындағы орны ерекше екенін баса айтты.
«Ақтөбе» – сөзсіз үлкен клуб, бес рет ел чемпионы атанған. Біздің ортақ міндетіміз – клубты қолдау ғана емес, оның деңгейін одан әрі көтеру», – деді клубтың бас директоры.
Оспанов жанкүйерлердің эмоциясын жақсы түсінетінін де жеткізді.
«Футбол – эмоцияға толы ойын. Жанкүйерлердің сезімін түсінемін. Бірақ клубты басқару – бұл кәсіби жұмыс. Мұнда жеке клубтық сүйіспеншілікке орын жоқ. Мен бұл жерге жанкүйер ретінде емес, «Ақтөбенің» басшысы ретінде келдім», – деді ол.
Айта кетейік, дәл бүгін «Ақтөбе» футбол клубының жаңа иесі белгілі болды. Клубты Qazaq Stroy Properties компаниясы иеленді. Forbes Kazakhstan журналының дерегінше, компания иесі Нұрлан Артықбаев Қазақстандағы ең бай 50 кәсіпкердің қатарына еніп, 44-орында тұр. Оның дәулеті 228 миллион доллар деп бағаланады.
Еске сала кетсек, бұған дейін бірқатар қазақстандық клуб жекеменшікке өткен. Олардың қатарында Премьер-лигадағы «Қайсар», «Қызылжар», «Жеңіс» клубтары, сондай-ақ Бірінші лигада өнер көрсететін «Шахтер» бар.