Немесе өте қарапайым мәселелерде алдап кетеді
Беларусь футболшысы Антон Шрамченко Қазақстан туралы айтқан пікірлеріне байланысты туындаған қоғамдық резонансқа қатысты түсініктеме берді. Ол бұған дейін Қазақстан чемпионатында «Мақтаарал» және «Жетісу» клубтарының намысын қорғаған болатын.
– Шетелден ұсыныстар болды ма?
– Нақты, жүз пайыздық нұсқалар болған жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Голевая передача» шоуында болған жағдайға тоқталғым келеді. Мен тек өз басымнан өткен жеке жағдайды айттым. Егер біреудің көңіліне тиген болсам, кешірім сұраймын. Қазақстанда өте көп жақсы әрі ашық-жарқын адамдар тұрады. Менің ешкімді ренжіту ниетім болған жоқ – тек өз тәжірибеммен бөлістім. Алайда, мүмкін, белгілі бір уақытқа Қазақстанға жол мен үшін жабық болар. Тіпті, мүлде болуы мүмкін, – деді футболшы Betnews.by-ға берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін Антон Шрамченко Қазақстан жайлы мынадай пікір білдірген еді:
«Қазақ елі жақсы, бірақ Беларусьпен салыстырғанда медицинасы мен адамдарға деген қарым-қатынасы жағынан түсіну қиын болды. Олардың өмірге көзқарасы маған жақын емес. Басында өте ауыр тиді. Әрине, бейімделдім, бірақ көп нәрсені қабылдай алмадым. Мысалы, кездесуді таңғы 9:00-ге белгілейді де, 8:55-те қоңырау шалып, “ұйықтап жатырмын” деп, кездесу болмайтынын айтады. Немесе өте қарапайым мәселелерде алдап кетеді. Орысша біліп тұрса да, әдейі қазақша сөйлейді»,- деген еді Шрамченко
Футболшының бұл сөздері қазақстандық жанкүйерлер арасында қызу талқылауға себеп болған еді.