Оларды Иранда «соғыс уақытындағы сатқындар» деп айыптаған
Аустралияда өтіп жатқан әйелдер арасындағы Азия кубогы кезінде ұлттық әнұранды айтудан бас тартқан Иран құрамасының бес ойыншысы елден саяси баспана алды. Бұл туралы Аустралияның ішкі істер министрі Тони Берк мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, турнир барысында Аустралия полициясы Иран әйелдер құрамасы орналасқан қонақүйден бес футболшыны қауіпсіз жерге шығарып, оларға баспана ұсынған. Олардың қатарында команда капитаны Захра Ганбари де бар.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, матч алдында әнұран орындаудан бас тартқаны үшін «соғыс уақытындағы сатқындар» деп айыпталған футболшылар өз қауіпсіздігі үшін қорғау сұраған.
Тони Берк баспана беру мәселесі бірнеше күн талқыланғанын айтты. Нәтижесінде баспана Захра Ганбари, Захра Сарбали Алише, Мона Хамуди, Атефе Рамезанизаде және Фатиме Пасандидаға берілді. Министрдің сөзінше, спортшылар қазір Аустралияның федералдық полициясы қорғауына алған қауіпсіз жерде.
«Бұл әйелдер – талантты спортшылар әрі керемет жандар. Олар Аустралияда өздерін үйіндегідей қауіпсіз сезінеді», – деді Берк.
Ол сондай-ақ құраманың қонақүйде қалған тағы 21 мүшесіне де баспана беру ұсынысы күшінде екенін атап өтті. Дегенмен олардың кейбірі Иранға оралуды таңдауы мүмкін.
«Бұл әйелдер өте қиын шешім қабылдап жатыр», – деді министр.
Аустралияда өтіп жатқан Азия кубогының топтық кезеңінде Иран құрамасы барлық үш матчта жеңіліс тапты. Команда 2 наурызда Оңтүстік Кореямен өткен алғашқы кездесуде 0:3 есебімен ұтылып, матч алдында ұлттық әнұранды айтудан бас тартқан. Бұл әрекет Иранда қатаң сынға ұшырады.
Ал 5 наурызда Аустралияға қарсы (0:4) және 8 наурызда Филиппинге қарсы (0:2) ойындарда ирандық футболшылар әнұранды орындап, әскери сәлем берді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Азия кубогынан кейін ирандық футболшыларға Аустралиядан баспана беруді ұсынған болатын. Оның айтуынша, олар елге қайтарылса, өмірлеріне қауіп төнуі мүмкін.