Осы нәтижеден кейін «Оқжетпес» 7 ұпай жинап, ҚПЛ турнир кестесінде үздік үштікке көтерілді.
Қазақстан Премьер-лигасының 3-туры аясындағы «Оқжетпес» пен «Ұлытау» арасындағы матчтан кейін көпшіліктің назарын тек ойын нәтижесі ғана емес, сыйақы жүйесі де аударды.
«Оқжетпес» қоғамдық қорының құрылтайшысы Иван Сауэр ойыншыларды марапаттаудың ерекше үлгісін таныстырды. Жаңа жүйеге сәйкес, алаңдағы әрбір нәтижелі әрекет ақшалай сыйақымен бағаланады: соғылған гол үшін 1 000 000 теңге, камбэк үшін 2 000 000 теңге, ал қақпашының сенімді ойыны үшін 1 000 000 теңге қарастырылған.
Бұл жүйе іс жүзінде де қолданысқа еніп үлгерді. «Ұлытауға» қарсы матч қорытындысы бойынша бірден бірнеше ойыншы сыйақы алды. Алғашқы голдың авторы Бөрібаев пен кездесудің соңында жеңіс сыйлаған Мұхаметхановқа 1 миллион теңгеден табысталды.
Сондай-ақ қақпашы Лобанцевтің ойыны ерекше атап өтілді. Ол матч барысында командасын бірнеше мәрте құтқарып, сенімді өнер көрсетті. Осы еңбегі үшін оған да 1 миллион теңге көлемінде бонус берілді.
Кездесу «Оқжетпестің» 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Команда матчтың соңғы минуттарында жеңісті жұлып алып, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.
Осы нәтижеден кейін «Оқжетпес» 7 ұпай жинап, ҚПЛ турнир кестесінде үздік үштікке көтерілді.