Францияға барып қайта тексерілгеннен кейін ғана нақты диагноз қойылып, оңалту жоспары жасалды
Мадридтің «Реал» клубының шабуылшысы Килиан Мбаппенің тізе жарақаты дұрыс тексерілмегені белгілі болды. Бұл туралы The Athletic және француздық RMC Sport басылымдары хабарлады.
Алғашқы тексеріс кезінде клуб дәрігерлері футболшының жарақат алған сол тізесінің орнына оң тізесін тексерген. Соның салдарынан медициналық қорытындыда ешқандай мәселе жоқ деп көрсетілген. Алайда Мбаппе шын мәнінде жарақатпен ойнауын жалғастырып, кейін қосымша тексерулер барысында тізе байламының жартылай жыртылғаны анықталған.
Жарақат 2025 жылғы 7 желтоқсанда «Сельтаға» қарсы матчтан кейін пайда болған. Соған қарамастан, футболшы желтоқсан айының соңына дейін тағы бірнеше ойында алаңға шыққан. Қаңтар мен ақпанда бірқатар матчтарды өткізіп алғанымен, бастапқы диагноз дұрыс қойылмағандықтан, толық ем жүргізілмеген.
Францияға барып қайта тексерілгеннен кейін ғана нақты диагноз қойылып, оңалту жоспары жасалды. Мбаппенің өзі Парижде нақты қорытынды алғанын айтып, қазіргі таңда толық қалпына келгенін мәлімдеді.
Француздық журналист Даниэль Риолоның айтуынша, ойыншы Мадридтегі медициналық штабтың жұмысына наразы болған. Сондай-ақ кейбір инсайдерлер бұл жағдайдан кейін клубтың медициналық құрамында өзгерістер болғанын айтады, бірақ ресми растау жоқ.
Сонымен қатар, кей сарапшылар дәрігерлер тізелерді шатастырмағанымен, бастапқы диагноздың қате қойылған болуы мүмкін деген пікірде.
Қазіргі таңда Килиан Мбаппе қайтадан алаңға оралып, соңғы матчтарда қосалқы құрамнан шығып жүр. Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам да оны алдағы ойындарға шақырды.
Айта кетейік, Мбаппе 2024 жылы «Пари Сен-Жерменнен» «Реалға» ауысып, клубпен бірге бірнеше трофей жеңіп алды. Ал Transfermarkt порталы 2025 жылдың желтоқсанында оның нарықтық бағасын 200 миллион еуроға бағалаған.