Келесі матчта Қазақстан құрамасы 31 наурыз күні Комор аралдарымен ойнайды
Астанада өткен FIFA Series 2026 халықаралық турнирінің алғашқы матчында Қазақстан құрамасы Намибияны 2:0 есебімен жеңді.
Кездесу «Астана Арена» стадионында өтті. Ойынға Беларусь елінен келген төрешілер бригадасы қазылық жасап, бас төреші қызметін Виктор Шимусик атқарды.
Матчтың алғашқы бөлігі тартысты басталды. Намибия құрамасы есеп ашуға жақын болғанымен, Бетуэль Музеу бағыттаған соққыны бағана кері қайтарды. Ал 12-минутта қазақстандықтар алға шықты. Айып алаңы маңындағы стандартты жағдайдан кейін допты бірінші болып іліп алған Ян Вороговский дәл соққымен есеп ашты. Бұл – Қазақстан құрамасының FIFA Series турнирлері тарихындағы алғашқы голы болды.
Бірінші таймда алаң иелері бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырғанымен, есеп өзгеріссіз қалды – 1:0.
Екінші таймда да Қазақстан құрамасы белсенді ойынын жалғастырды. Қосалқы құрамнан шыққан Айбол Әбікен қауіпті соққы жасап, допты қақпа жақтауына тигізді. Ал 79-минутта ойынның нүктесін Әлібек Қасым қойды. Ол бұрыштамадан асырылған допты баспен дәл бағыттап, есепті 2:0-ге жеткізді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы FIFA Series турниріндегі алғашқы ойынында сенімді жеңіске жетіп, үш ұпайға ие болды.
Айта кетейік, бұл кездесуде жеңіс жолын «Астана» клубының ойыншылары – Ян Вороговский мен Әлібек Қасым қамтамасыз етті.
FIFA Series 2026
Қазақстан – Намибия 2:0 (1:0)
Голдар: Вороговский, 12; Қасым, 79.
Келесі матчта Қазақстан құрамасы 31 наурыз күні Комор аралдарына қарсы ойнайды. Турнирге бастапқыда Кувейт құрамасы да қатысуы тиіс болған, алайда олар жарыстан бас тартты.