Әр топтың жеңімпазы 2026 жылдың 28 маусымы мен 11 шілдесі аралығында Уэльсте өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады.
Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2025/26 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеудің элиталық кезеңінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Румынияда өтіп жатқан 5-топтың алғашқы турында отандастарымыз алаң иелерін 2:0 есебімен жеңді.
Кездесуде есепті 13-минутта Абылайхан Төлеухан ашты. Ол команда капитаны Азамат Тұяқбаевтың нәтижелі пасын голға айналдырды. Екінші таймда қазақстандықтар шабуылды жалғастырып, 66-минутта Азамат Тұяқбаев айып добынан әдемі гол соқты. Осылайша ол матчта бір гол мен бір нәтижелі пастың авторы атанды. Қақпада Шерхан Қалмырза сенімді ойын көрсетіп, қарсыласқа мүмкіндік берген жоқ.
Осы жеңістің арқасында Қазақстан құрамасы 3 ұпаймен топ көшіне шықты. Дәл осындай ұпайы бар Украина құрамасы доп айырмасы бойынша екінші орында келеді. Ал Румыния мен Солтүстік Ирландия құрамалары алғашқы турдан кейін ұпай жинай алмады.
Айта кетейік, осы топтағы тағы бір ойында Украина Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен жеңді.
Қазақстандық футболшылар келесі матчтарын 28 наурызда Украинаға қарсы, ал 31 наурызда Солтүстік Ирландияға қарсы өткізеді.
Элиталық кезең ойындары 25–31 наурыз аралығында Румынияда өтуде. Әр топтың жеңімпазы ғана 2026 жылдың 28 маусымы мен 11 шілдесі аралығында Уэльсте өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады.