Transfermarkt сайтында оның құны 90 млн еуро деп көрсетілген
Лондондық «Арсенал» «ПСЖ» шабуылшысы Хвича Кварацхелияны сатып алудың барлық жолдарын қарастырып жатыр. Клубтар келісімге келе алса, грузин футболшысы Англия астанасына биыл жазда көшуі мүмкін. Бұл туралы The Independent басылымының журналисі Мигель Дилейни әлеуметтік желіде жазды.
Дереккөздің пікірінше, Хвичаның өкілдері түрлі ұсыныстарды әзірге тек қарап көрмек. Егер көңілге қонымдысы болса маусым соңында талқылауға дайын.
Ал, «ПСЖ» болса грузин шабуылшысынан айрылмаймыз дегенді анық білдірген. Париждік клуб басшылары бұл сұрақтың талқылауға жатпайтынын мәлімдеді.
Хвича Кварацхелия «ПСЖ» сапына 2025 жылдың қаңтарында қосылды. Оған дейін ол «Наполи» намысын қорғаған. Ал, париждік ұжым сапында 25 жастағы шабуылшы 37 ойын өткізіп, 12 гол соққан және жеті рет нәтижелі пас берген. Transfermarkt сайтында оның құны 90 млн еуро деп көрсетілген.