Ол өзге шетелдік маманды мысал ретінде келтірді.
Ресейдің «Крылья Советов» клубының бұрынғы спорт директоры Авалу Шамханов команданың қазіргі бас бапкері Магомед Адиевтің маусым ортасында Қазақстанға кетіп қалуына байланысты пікір білдірді.
Бұған дейін маман самаралық клубтан кетіп, «Ақтөбе» командасын тізгіндеуі мүмкін екені хабарланған еді.
Шамхановтың айтуынша, Адиев клуб сенімін ақтамаған:
«Адиевке келсек, бұлай алдауға болмайды. Оған сенім артылды, толық еркіндік берілді, бірақ өзі оны дұрыс пайдалана алмады. «Крылья Советовтің» қазіргі ахуалына ойыншылар емес, сол кінәлі. Қазақстанға аттанып, клубты тастап кетті. Сондықтан басшылықтың оны қызметінен алып тастау туралы шешімін түсінемін. Мұндай қадамға бармас бұрын клубқа алдын ала ескерткені азаматтық болар еді», – деді ол.
Сондай-ақ Шамханов ЦСКА-ның бас бапкерін үлгі ретінде келтірді.
«Мәселен, Челестини баптайтын ЦСКА-ның көктемдегі нәтижесі де көңіл көншітпеді. Оның да кетіп қалуына болар еді, оның үстіне ол шетелдік маман. Бірақ ол қалудан қорыққан жоқ», – деп қосты.
Айта кетейік, Магомед Адиев бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасын және қарағандылық «Шахтер» клубын жаттықтырған.