Ол бұл шешімін басшылыққа ескертіп те қойған.
Англияның «Манчестер Сити» клубының капитаны Бернарду Силва маусым аяқталған соң командадан кетпек. Бұл туралы CaughtOffside басылымы хабарлады.
Дереккөз мәліметінше, португалиялық жартылай қорғаушы клуб басшылығына келісімшартты ұзартпайтынын алдын ала жеткізген.
31 жастағы футболшыға қызығушылық танытып отырған клубтар да аз емес. Негізгі үміткерлердің қатарында АҚШ-тың «Лос-Анджелес» клубы бар. Сонымен қатар Еуропадан «Атлетико», «Барселона», «Ювентус» және «Наполи» командалары да ойыншыны өз қатарына қосуға ниетті.
Ал Бернарду Силваның өзі мансабын мақсаты биік клуб сапында жалғастырғысы келеді. Сонымен бірге жалақы деңгейін де сақтап қалғысы келеді.
Айта кетейік, Силва «Манчестер Сити» сапына 2017 жылы «Монакодан» 50 миллион еуроға ауысқан. Осы уақыт ішінде ол барлық турнирде 449 матч өткізіп, 76 гол соқты және Англия чемпионы атағын алты рет жеңіп алды.
Бұған дейін жартылай қорғаушы Португалияның «Бенфика» клубында өнер көрсеткен.
Ал биылғы маусымда ол 42 матчқа қатысып, 3 гол мен 5 нәтижелі пас авторы атанды.