Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Қайда қарап отыр?». Шерхан Қалмырзаның анасы жанайқайын жеткізді

Бүгін, 10:47

Шерхан Қалмырзаның анасы Сәуле Рабаева төрешінің шешіміне күмән келтіріп, өз пікірін ашық айтты

«Қайда қарап отыр?». Шерхан Қалмырзаның анасы жанайқайын жеткізді
әлеуметтік желі

Футболдан Қазақстан U-19 жасөспірімдер құрамасының қақпашысы Шерхан Қалмырза Украинаға қарсы өткен шешуші матчта қызыл қағаз алып, команда тағдырына әсер еткен сәттің басты кейіпкеріне айналды.

Еуро-2026 турнирінің элиталық іріктеу кезеңі аясында Румынияның Буфта қаласында Қазақстан мен Украина жасөспірімдер құрамалары кездесті. Ойынның 30-минутында қазақстандық қақпашы айып алаңының сыртында қарсылас шабуылшысын тоқтатпақ болып, бас төреші тарапынан тікелей қызыл қағазбен алаңнан қуылды.

Осыдан кейін матчтың қалған бөлігін қазақстандық футболшылар он ойыншымен өткізуге мәжбүр болды. Сан басымдығын ұтымды пайдаланған Украина құрамасы кездесуді 3:0 есебімен өз пайдасына аяқтады. Осылайша Қазақстан құрамасы элиталық іріктеу кезеңіндегі маңызды ойында ұпайсыз қалды.

Ойыннан кейін Шерхан Қалмырзаның анасы Сәуле Рабаева төрешінің шешіміне күмән келтіріп, өз пікірін ашық айтты. Оның сөзінше, мұндай деңгейдегі халықаралық матчтарды отандық телеарналар тікелей эфирде көрсетуі тиіс.

«Осындай маңызды ойындар елге көрсетілуі керек. Даулы сәттер туындағанда бейнеқайталау арқылы төреші шешімінің қаншалықты әділ болғанын анық көруге болар еді», – деген ой айтты ол.

Сәуле Рабаева төрешінің шешімі матч нәтижесіне тікелей әсер еткенін атап өтті. Егер ойын тікелей эфирде көрсетілгенде, жанкүйерлер мен мамандар даулы эпизодқа нақты баға бере алар еді.

Айта кетейік, кездесуге нидерландтық төреші Джоуи Коэй бастаған қазылар бригадасы қазылық етті. Бұған дейін Қазақстан құрамасы элиталық кезеңнің алғашқы турында алаң иесі Румынияны 2:0 есебімен сенсациялық түрде жеңіп, жанкүйерлерді қуантқан болатын.

Енді Сергей Лабодовский жаттықтыратын Қазақстан U-19 құрамасы 31 наурыз күні Солтүстік Ирландия жасөспірімдер құрамасына қарсы алаңға шығады. Еуро-2026 финалдық кезеңіне тек топ жеңімпазы ғана жолдама алады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам