Ол жұмысқа ақпанда кіріскен еді.
Лондонның «Тоттенхэм» клубы бас бапкер Игор Тудормен келісімшартты өзара келісім негізінде бұзғанын мәлімдеді.
Хорват маманы команданы 14 ақпаннан бастап жаттықтыруға кіріскен еді. Ол бұл қызметке Томас Франк орнына келіп, содан бері команда Англия чемпионатында төрт рет жеңіліп, бір рет тең ойнады. Ал Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «Атлетико Мадрид» командасынан жеңілген.
Тудормен бірге оның көмекшілері Томислав Рогич пен Риккардо Рагначчи де клубтан кеткені айтылды. Сонымен бірге, 22 наурыз күні Тудордың әкесі қайтыс болып, бапкер қайғылы жағдайға тап болған-тын.
Қазіргі уақытта «Тоттенхэмнің» жаңа бас бапкерінің кім болатыны айтылмады. Ағылшын премьер лигасының 31 тур ойындарынан кейін команда турнирлік кестеде 17-орынға жайғасқан. Бұл нәтиже клубтың төменгі лигаға түсіп кету қаупін тудырып отыр.