Пенальти сериясында босниялықтар 4:1 есебімен басым түсті.
Италия құрамасы футболдан әлем чемпионатына жолдама беретін плей-офф кезеңінің финалында Босния және Герцеговина омандасынан пенальти сериясында жеңіліп қалды.
Зеница қаласындағы «Билино Поле» стадионында өткен матчтың негізгі уақыты тең аяқталған еді. 15-минутта Мойзе Кин есеп ашып, Италияны алға шығарғанымен 79-минутта Харис Табакович таразы басын теңестірді.
Пенальти сериясында босниялықтар 4:1 есебімен басым түсті. Матчтың 42-минутында италиялық қорғаушы Алессандро Бастони қызыл қағаз алып, командасын қиын жағдайда қалдырды.
Айта кетейік, Италия жартылай финалда Солтүстік Ирландия құрамасын 2:0 есебімен жеңсе, Босния және Герцеговина Уэльсті (1:1, пенальтиде 4:2) жеңіп, финалға шыққан болатын.
Босния және Герцеговина құрамасы әлем чемпионатына 2014 жылы алғаш рет қатысты. Алайда команда топтық кезеңнен шыға алмады.
Ал Италия құрамасы соңғы рет әлем чемпионатына 2014 жылы қатысып, 2018 және 2022 жылдары да плей-офф кезеңінде сүрініп, Швеция мен Солтүстік Македониядан жеңілген-тін.
Қалған плей-офф матчтарында Швеция құрамасы (Польшаны 3:2), Түркия құрамасы (Косовоны 1:0) және Чехия құрамасы (Даниямен 2:2, пенальтиде 3:1) жеңіп, әлем чемпионатына жолдама алды.
2026 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өтеді. Бұл 1998 жылдан бері өткізілген алдыңғы жеті турнирмен салыстырғанда 16 командаға артық. Дүбірлі дода 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді.