Құрама осымен үшінші әлем чемпионатына іріктеуден өте алмай отыр.
Танымал боксшы Ирма Теста Италия құрамасының футболдан әлем чемпионатына іріктеуден өте алмауына қатысты өз наразылығын білдірді. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері ел футболшыларының ойынын сынап, әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Еске салайық, Италия ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама үшін өткен өтпелі матчта Босния және Герцеговина құрамасына есе жіберді (1:1, пенальти - 4:1).
Теста футболшылардың жауапкершілігіне күмән келтіріп, олардың кәсіби деңгейіне қатысты өткір пікір айтты:
«Біз өз жейдеміз бен еліміз үшін жанымызды салып, жеңіске жетеміз. Ал миллионер футболшылар күлкіге қалып жатыр. Мен солардың қай-қайсысынан да көп жаттығамын, бірақ табысым олардың аспазы мен күтушісінен де аз. Жеңілсек те, біз еліміздің алдында жауапкершілікті сезінеміз, бірақ бізден халық ештеңе талап етпейді, себебі олар сол уақыттк футбол қарап отырады».
Айта кетейік, Италия ұлттық құрамасы қатарынан үшінші рет әлем чемпионатына қатыса алмай отыр. Италиялықтар соңғы рет мундиальда 2014 жылы өнер көрсеткен.
Тарихқа көз жүгіртсек, Италия құрамасы футболдан әлем чемпионы атағын төрт рет жеңіп алған, сондай-ақ екі мәрте күміс, бір рет қола жүлдеге ие болған.