Төреші Арман Исмуратов бес тәулікке қамалды
Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында өткен «Елімай» – «Ордабасы» матчы төңірегіндегі дау жаңа сипат алды. Кездесудің бас төрешісі Арман Исмуратов әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке қамауға алынды.
Сот сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының атына жеке қаулы шығарып, төрешінің әрекетіне қатысты жағдайды қарастырып, тиісті шешім қабылдауды ұсынды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, оқиға 14 маусым күні кешкі сағат 21:10 шамасында Семей қаласындағы «Спартак» стадионы аумағында матч аяқталғаннан кейін болған.
Құжатта Арман Исмуратов жанжал барысында қоғамдық орында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзды деп көрсетілген. Іс Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды.
Семейден оралғаннан кейін төрешіні Астана әуежайында полиция қызметкерлері күтіп алып, процессуалдық құжаттарды табыстаған.