Еурокубок ойындарында дебют жасаған семейлік «Елімай» сырт алаңда бір ұпай олжалады. Конференция лигасының іріктеу кезеңінде еревандық «Алашкертпен» кездескен Карпович шәкірттері 1:1 есебімен тең тарқасты.
Бірінші таймда семейліктер белсенді ойнаған. Алайда, қос клуб та гол соға алмай үзіліске тарқасты. Ал, екінші таймда «Елімай» футболшылары қарқынды күшейтіп, ақыры 60-минутта қарсылас қақпасынан саңлау тапты. Гол авторы – Арсен Әлібек.
Мұнан кейін де «Елімайдың» гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған. Алайда, бірде «Алашкерт» қақпашысы сейв жасаса, енді бірде доп қақпадан қиыс кетіп жатты.
Есесіне, 86-минутта еревандық клуб сапынан Давид Тертеян есепті теңестіріп кетті. Қос команда енді қарымта ойынды Семейде 16 шілдеде өткізеді. Жеңіске жеткені екінші айналымда әйгілі «ЧФР Клуж» клубымен кездеседі.
Конференция лигасында өнер көрсетіп жатқан «Астана» болса сырт алаңда «Динамо Тирана» (Албания) клубын жеңіп кетті.
Бірінші таймда жанкүйерлер соғылған гол көре алған жоқ. Басымдық алаң иелерінде болғанымен, олар шабуылдан еш нәтиже шығара алмады.
Ал, екінші таймда «Астана» шабуылшысы Рамазан Каримовтың соққан жалғыз голы матч тағдырын шешті. Қарымта матч 16 шілдеде «Астана Аренада» өтеді.