Кездесу 18 ай бұрын Флорида штатында болған
Англия құрамасының капитаны Харри Кейн АҚШ президенті Дональд Трамппен бірге гольф ойнағанын айтып, бұл кездесуді өміріндегі ерекше сәттердің бірі ретінде бағалады.
Майамиде Норвегияға қарсы әлем чемпионатының ширек финалы алдындағы баспасөз мәслихатында Кейн бұл кездесу шамамен 18 ай бұрын Флорида штатындағы Палм-Бичте өткенін айтты.
«Шынымды айтсам, жаман ойнаған жоқпын. Бұл шамамен 18 ай бұрын болды. Палм-Бичте жүргенімде Трамп мені бірге гольф ойнауға шақырды. АҚШ президенті шақырса, әрине, келісесің. Онымен кездесіп, бірге алаңға шығу мен үшін ерекше әрі есте қаларлық тәжірибе болды», – деді Харри Кейн.
Англия құрамасының шабуылшысы Дональд Трамптың гольфтегі шеберлігіне де жоғары баға берді.
«Трамп гольфты өте жақсы ойнайды. Оның жасына келгенде мен де дәл сол деңгейде ойнай алсам екен деп үміттенемін. Бұл мен үшін бірегей тәжірибе болды. Шақырғаны үшін оған ризамын», – деді ол.
Айта кетейік, Дональд Трамп гольфке деген ерекше қызығушылығымен танымал. Оның иелігінде АҚШ-тағы 12 элиталық гольф алаңы, сондай-ақ Шотландия, Ирландия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі гольф-курорттар бар.