Келісімшарт 2026/27 маусымының соңына дейін жасалды
«Семей» футзал клубы Серджи Альтисенттің негізгі команданың бас бапкері қызметіне тағайындалғанын ресми түрде хабарлайды.
Испаниялық маман клубқа 2025 жылдың 2 қыркүйегінде Аслан Смақовтың жаттықтырушылар штабына бас бапкердің көмекшісі ретінде қосылды. Қазақстанға келгенге дейін Альтисент үш маусым бойы «Барселона» клубының резервтік командасын басқарып, жас ойыншыларды даярлаумен айналысты.
2026 жылдың 13 наурызында Серджи Альтисент «Семейдің» бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Оның жетекшілігімен команда Қазақстан чемпионатының тұрақты кезеңінде бірінші орын алып, плей-офф финалына дейін жетті.
Испаниялық маманның атқарған жұмысының қорытындысы бойынша клуб басшылығы Серджи Альтисентті бас бапкер қызметіне бекіту туралы шешім қабылдады. Келісімшарт 2026/27 маусымының соңына дейін жасалды.