ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

Барша қазақстандық мақтан тұтатын құрама құрамыз - бас бапкер

Бүгін, 13:21

Джон ван ’т Схип Қазақстан құрамасындағы алғашқы міндеттерін атады

Барша қазақстандық мақтан тұтатын құрама құрамыз - бас бапкер
ҚФФ

Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван ’т Схип ұлттық команда тізгінін қолға алғаннан кейінгі алғашқы ойларымен бөлісіп, алдағы айларда атқаратын жұмыстары туралы айтты.

Нидерланд маманы жанкүйерлер мен БАҚ өкілдеріне жолдаған үндеуінде Қазақстан құрамасын қабылдауды үлкен жауапкершілік әрі мәртебе санайтынын жеткізді.

«Сәлем, Қазақстан! Ең алдымен, маған осында келіп, жаттықтырушылар штабымен бірге команданың дамуына үлес қосуға мүмкіндік берген Қазақстан футбол федерациясына алғыс айтқым келеді. Бұл шақыруды үлкен құрметпен қабылдаймын және алдағы апталар мен айларда атқарылатын жұмысқа зор ынтамен кірісуге дайынмын.

Алдымызда көп жұмыс тұр. Бірақ қазақстандықтардың күрескер халық екенін, еңбектенуден қорықпайтынын білемін. Біздің міндетіміз – осы еңбекқорлықты дұрыс арнаға бағыттап, біртұтас команда қалыптастыру және қажетті нәтижеге қол жеткізу. Ең бастысы – барша қазақстандық мақтан тұтатын ұлттық құрама құру.

Бапкерлер штабы және федерация басшылығымен бірлескен жұмысқа сенемін. Уақыт тығыз болғандықтан, команданың және ел чемпионатының деңгейін мүмкіндігінше тез әрі жан-жақты зерттеуіміз керек. Ресми ойындар жақындап қалды.

Қазақстан футболы соңғы жылдары айтарлықтай ілгеріледі. Біз осы дамуды жалғастыруға тиіспіз. Құрамаға шақыртуға лайық барлық футболшыны бақылаймын. Жас ойыншыларға да, дәл қазір ұлттық командаға көмектесе алатын тәжірибелі футболшыларға да мүмкіндік беріледі. Лига ұлттары аясындағы алдағы матчтарға ең жақсы формадағы әрі жауапкершілікке дайын ойыншылар шақырылады.

Жұмысқа кірісуге асықпын. Алда көптеген сапар, матчтарды тамашалау, жаттығу жоспарын құру және футболшылармен жеке жұмыс істеу бар. Рақмет!» – деді ван ’т Схип.

Бұған дейін Қазақстан футбол федерациясы Джон ван ’т Схиппен ұлттық құраманың бас бапкері қызметінде жұмыс істеу жөнінде келісімге келген болатын.

Нидерланд маманының тағайындалуы КФФ Атқарушы комитетінің мақұлдауынан кейін ресми түрде рәсімделеді. Комитеттің отырысы жақын күндері өтіп, одан соң бапкермен келісімшартқа қол қойылады.

Жаңа бас бапкердің жаттықтырушылар штабына Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов – бас бапкердің көмекшілері, Юрий Новиков – қақпашылар бапкері, Вадим Боровский – дене дайындығы бойынша бапкер және Тимур Құсайынов – сарапшы-талдаушы ретінде кіреді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам