Сонымен қатар, УЕФА көңілдес әйелдің жыл сайынғы MBA бағдарламасы бойынша оқу ақысын төлеген
ФИФА президенті Джанни Инфантино бұрын УЕФА-ны басқарған кезде қоластында жұмыс істейтін әйелмен көңіл жарастырып, оны қызметте көтерген деп жазды The Telegraph. Сондай-ақ, оған ірі көлемде үстемақы төленуін қамтамасыз еткен.
Басылым мәліметінше, әйел УЕФА-ның әкімшілік аппаратында жұмыс істеген. Екеуінің қарым-қатынасы басталғаннан кейін ол басшылық қызметке көтеріліп, жалақысы 30 пайызға өсіп, жылына 160 мың швейцариялық франкке жеткен.
УЕФА-ның бұрынғы президенті Мишель Платини Инфантиноның ұйым қызметкерімен қарым-қатынасына байланысты жағдайға наразылық білдірген. Нәтижесінде әйелдің қауымдастықтағы жұмысын тоқтату және оған өтемақы төлеу туралы шешім қабылданған. Әріптестерінің сөзінше, өтемақы көлемі алты таңбалы санмен есептелген.
Сонымен қатар, УЕФА әйелдің жыл сайынғы MBA бағдарламасы бойынша оқу ақысын төлеген (құны – әр жылға 45 мың фунт стерлинг).
УЕФА транзакция фактісін растады және аталған қызметкердің Инфантиномен романтикалық қарым-қатынаста болғаны туралы қауесеттерден хабардар болғанын мәлімдеді. Ұйым қазіргі заманғы беделді құрылымдардың стандарттарына сәйкес келу үшін ішкі ережелердің «қатаңдатылғанын» атап өтті.
Десе де, ФИФА бұл ақпараттың жалған екенін айтып, дереу мәлімдеме жасады.
«ФИФА президенті Джанни Инфантино бұл айыптауларды толығымен жоққа шығарады және олардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Жарғы немесе регламент талаптарының бұзылғаны туралы кез келген болжам жала жабу болып табылады. УЕФА немесе ФИФА қызметкерлерінің ешқайсысы Инфантиноға қатысты әрекеттер бойынша бұған дейін шағым түсірген емес, себебі оның араласуымен ешқандай оқиға болмаған. Кадрларға қатысты барлық шешімдер, соның ішінде қызметкерлерді жұмыстан босату және өтемақы төлеу туралы шешімдер қолданыстағы ережелерге сәйкес уәкілетті басшылар тарапынан бекітілді», — делінген ФИФА мәлімдемесінде.
Джанни Инфантино УЕФА-да 2000 жылдың тамызынан бастап жұмыс істеді. Ол 2009-2016 жылдар аралығында ұйымның бас хатшысы қызметін атқарды. 2016 жылдың ақпанында Инфантино Халықаралық футбол федерациясының президенті болып сайланды.